Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

ШҚО меценаттары «Туған жер» бағдарламасы аясында 17 миллиард теңге бөлген

AstanaTV
26.09.2017ж. 20:00
4462
ШҚО меценаттары «Туған жер» бағдарламасы аясында 17 миллиард теңге бөлген

Шығыс Қазақстан облысында «Туған жер» бағдарламасы аясында шалғай ауылдардағы бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, меценаттар бөлген қаржыға ауыл амбулаторияларына медициналық қондырғылар сатып алынды. Аймақ басшысының сөзінше, бұл іске жерлес кәсіпкерлер 17 млрд теңге қаржы жұмсаған. 

Қатон-Қарағай мектебіне биыл 100 жыл. Бұл жерде бір кездері Мұхтар Әуезов еңбек жолын бастаған. Білім ордасын талай танымал адамдар тәмәмдады. Дәрігерлер, ғалымдар мен спортшылар. Аудан кәсіпкерлері тарихи мұра саналатын бұл нысанды жөндеу ісіне қолдау көрсетті. «Туған жер» бағдарламасы аясында ауыл амбулаториясы мен мектептері жаңа қондырғыларға қол жеткізді.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

1 млрд 600 млн теңгеге барлық ауыл амбулаториясы жабдықталды. Бұл істе «Қазцинк», «Востокминералс», «Полиметалл» сынды кәсіпорындар көш бастап тұр. Басқа жобалар жүзеге асыру сатысында. Бұл негізінен медицинамен байланысты жобалар

Өңірде сәбилер арасында көз патологиясын диагностикалау мәселесі шешімін таппақ. Жыл соңына дейін Шығыс Қазақстанның ана мен бала орталығы жаңа ангиографқа қол жеткізеді. Аталған қондырғы жетілмей туған нәрестелердің патологиясын анықтауға мүмкіндік бермек. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 40 бала нәресте шағында көру қабілетінен айрылатын көрінеді.

Ермек Омарбеков, ШҚО ана мен бала орталығының директоры:

Жыл аяғына дейін біз заманауи компьютерлік томографқа қол жеткіземіз. Сондай-ақ, жетілмей туған балаларда көз патологиясын анықтайтын аппаратты алмақпыз. Бірден ота жасауға кірісеміз. Көру деңгейін анықтайтын бұл Флуоресценттік ангиограф Қазақстан аумағындағы жалғыз аппарат болмақ. Сондықтан бұл отаның жаңа түрі.

«Туған жер» бағдарламасы аясында көрсетілген меценаттық көмектің көлемі 17 млрд теңге. Алдағы күндері Шығыс Қазақстан өңірінде алғаш рет меценаттардың форумы ұйымдастырылмақ. Оған 100-ге жуық адам қатысуға ниет білдірген. Даниал Ахметов, бай-қуатты адам бола тұра, қоғамға көмектеспеу мүмкін емес, деген пікірде.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Елбасының пәлсапалық мақаласы біздің тереңде жатқан сезімдерімізді оятқандай. Сондықтан, біз бай бола тұра, қоғамға көмектеспеудің мүмкін еместігін түсінеміз. Кәсіпкерлер бұл жағдайға жаңаша көзбен қарады. Әсіресе, бұны Нұрсұлтан Назарбаев сынды ұлы адамның аузынан естіген кезде, бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы түсінді.

«Туған жер» бағдарламасы шеңберінде форумда денсаулық сақтау, білім беру, спорт және туризм бағытындағы жобалар ұсынылмақ.