Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда бедеулік пен белсіздікке қарсы арнайы бағдарлама дайындалады

Қазақстанда бедеулік пен белсіздікке қарсы арнайы бағдарлама дайындалады

Қазақстанда бедеулік пен белсіздік белең алып барады. Әсіресе бұл ер-азаматтардың арасында жиілей түскен. Сала мамандары осылай дейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында "үзілген үмітті" қайта жандандыру үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Демек, ата-ана бақытын сезінетіндердің қатары артады деген сөз. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Камерға түсуден бас тартқан елордалықтың бар арманы - ана атану. Ерлі-зайыптылардың үш жыл ішінде бармаған жері жоқ. Медицинадан үміт үзген олар тіпті бақсы-балгерлерге де барып көріпті. Емшілерден көмек болмады. Ендігі үміт, жасанды ұрықтандыру тәсілінде.

Зарина, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кешегі жолдауда Президент айтқан "Аңсаған сәби" бағдарламасы өте ұнады. Квотадан менде ниеттімін. Және де болашақта сәбилі болуға үміттенемін.

Мемлекет басшысының Жолдауын жылы қабылдағандардың бірі Салтанат Байқошқарова. Ол, Қазақстанға экстркорпоральді ұрықтандыру әдісін алып келген тұлға. Дәрігердің айтуынша, квота бөлінбесе жасанды ұрықтандыруды барлық отбасының қалтасы көтере бермейді. Бір жолғы емдомның өзі 1 млн теңгеден асады екен.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, Б.Ғ.Д., ЭМБРИОЛОГ, РЕПРОДУКТОЛОГ ДӘРІГЕР:

Бірден мыңнан 7 есе арттырып 7000-ға жеткізу бұл біз үшін, біздің пациенттеріміз үшін, жалпы халық үшін үлкен қуанышты хабар болып отыр. Бұл бір керемет жаңалық болды. Сондықтан бұл "Аңсаған сәби" бағдарламасын барлық жағынан қолдаймыз.

Бедеулік пен белсіздіктің көбейуіне жастардың өзі айыпты. Уролог Нұрлан Сейітовтың айтуынша, жыныстық қатынасқа ерте жастан түсу түрлі дерт тудырады екен. Экологияның әсері де аз емес.

Нұрлан СЕЙІТОВ, М.Ғ.К., ЖОҒАРЫ САНАТТЫ УРОЛОГ ДӘРІГЕР:


Ол аурулар сол ұрықты бөлетін ағзаның зақымдануынан, сол ұрықты алып жүретін турбалардың бойының бітелуінен. Ол ер адамдарға да байланысты, қыз баладарға да байланысты. Егер уақытында келетін болса оны түзеуге болады.

Жасанды жолмен бала табу Дінге қайшы емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері осындай пікір білдірді.

Хасан АМАНҚҰЛОВ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталық-аналық ұрықты қосып сол екеуін, өзінің некедегі әйелінің жатырына енгізу арқылы бала табуға шариғат рұқсат етеді. Қалған жолдарына шариғат тыйым салады.

Айта кетсем, баласы жоқ отбасыларға квота 2010 жылдан бері ғана бөлініп келеді. Жылына 100 квотадан бөлінген. Былтыр бір мың квота берілді. Енді ол келесі жылдан бастап жеті есеге көбейеді. Яғни, 2021 жылы жеті мың отбасы бала сүйеді деген үміт бар. Бұл, халық санының өсуіне септігін тигізері анық.

А. Данияр