$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда көше тазалайтындар азайған

AstanaTV
04.09.2020ж. 20:00
3259
Атырауда көше тазалайтындар азайған

Пандемия Атыраудағы көше тазалығына да әсер етті. Өйткені Өзбекстаннан келетін жұмысшы күші еліне қайтқалы, шаһар тазалығы ақсап тұр. Жауапты мекеме басшылары мұны растады. Көше тазалайтындар аймақта табылмағаны ма? Бұл жұмыстарға неге өзбектер тартылған? Өңірдегі әріптесім сауалдарға жауап іздеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қаланың орталық көшелері айнадай жарқырап тұрғанымен, қалтарыстағылар назардан тыс қалатын секілді. Мәселен, біз тұрған «Лесхоз» шағын ауданы,  тұрғындарының айтуынша, қоқыстың алынбағанына үш күн болған. Сонымен қатар ауладағы мүңкіген иіс пен шашылған қоқыста есеп жоқ.

Аузы мұрнына толып шашылған қоқыс жәшіктері тек бұл ауданға ғана тән емес. Шенділер жүретін көшелерден өзге барлық аулаларда осыған ұқсас жағдайды күнде көруге болады.

Александр ТАМБОВЦЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше де, алдыңғы күні де өттім осы жерден. Осымен үшінші күн. Неге жинамайды деп ойлап қойдым. Ал анау жәшігінің артындағы қоқыстардың жатқанына бір апта болды. Қоқыс көлік бұл жерге келгенше толып келеді. Салатын жері де жоқ. Бұл немен байланысты білмеймін.

Татьяна ФИЛЛИПОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Бұл ауданда анам тұрады. Жиі келемін. Үнемі осылай қоқыс үйіліп, шашылып жатады. Тұрмыстық қана емес, үлкен-үлкен қоқыстар да жетеді. Жағымсыз иісін айтпай-ақ қояйын.Мүмкін жәшікті көбірек қою керек шығар халық көп қой.

Жайық жағасындағы адам демалатын орындар да қоқысқа толып қалған. Көше тазалайтындар таңнан кешке дейін бел жазбай жұмыс істейтіндерін айтады. Алайда жұмыс күшінің аздығынан үлгере алмай жатқандарын жасырмайды.

ТАЗАЛЫҚШЫ:
 
15-10 адамдай болды. баршылық болды. Қазір аз. Қазір екі адам. Бұрын көше беретін еді әр адамға бекітетін еді. 5-6 көше. Қазір сенің көшең, менің көшем жоқ. КАМАЗға тией береміз.


Жалпы, шаһардың тазалығына жауапты  «Арнаулы автобаза» мекемесі басшылары да  жұмысшылардың азайғанын растайды. Өйткені Өзбекстаннан келген жұмысшылар, карантин басталғанда елдеріне кеткен.

Гүлшара ЫСҚАҚОВА, «АРНАУЛЫ АВТОБАЗА» ЖШС БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Қоқысты күн сайын шығарамыз. Айтарлықтай проблема жоқ. Қазір 244 жұмысшы бар, негізі 300-350 адам болу керек. Шекара жабық. Бізде 10,20 жыл жұмыс істеген Өзбекстан азаматтары бар еді, олар пандемия кезінде ақысыз демалыс күндерін алып елдеріне кетті. Олармен сөйлесіп отырмыз. Шекара ашылысымен, келеміз,- деп отыр. Бір бригадада 20-25 адам жұмыс істеу керек. Қазір 10-15 адамнан аспайды.

Дегенмен бұл олқылықты орнын толтыру үшін жұмыссыздарды тарту қолға алыныпты. "Арнаулы автобаза" халықты жұмыспен қамту орталығына 83 адамға сұраныс жіберген. Айта кетейік, қалада 7 мыңға жуық адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген.

Б. Нәдірқызы