$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Көлік жөндеу орталығына шабуыл жасаған бұзақының кім екенін анықталды

AstanaTV
10.09.2020ж. 20:00
2639
Көлік жөндеу орталығына шабуыл жасаған бұзақының кім екенін анықталды

Алматыдағы көлік жөндеу орталығына бейтаныс адам шабуыл жасады. Бір адамды пышақтап, артынша қашып үлгерген. Жарақаттанған тұрғын қазір ауруханада. Тәртіп сақшылары болса,  бұзақының кім екенін анықтады. Қанды оқиғаның желісі әріптесімнің репортажында.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қанды оқиға кеше күндізгі сағат 2-лер шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, қолына пышақ ұстаған бұзақы жігіт, көлік жөндеу орталығына келген кісіні дәл осы жерде пышақтаған.

Сайран автобекетінің маңында болған бұл бұзақылықты куәгерлер таспаға түсіріп алған. Суық қару алып, елді дүрліктірген адам полицейлердің ығына көнер емес.

Куәгерлердің айтуынша озбыр адам, алдымен көше бойында өтіп бара жатқандарды балағаттаған. Кейбіріне тап бермек болып, ұмтылыпты. Артынша көлік жөндейтін орынға келіп, шу шығарған.

Нұрлан СӘРСЕНОВ, КӨЛІК ЖӨНДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘКІМШІСІ:


Ары-бері жүрді әр адамға тиісіп, кім менімен төбелеседі кім менімен бүйтеді деп осы жерде жүрді. Содан кейін мына кісіге кеп тиісті екеуі кеп төбелесе кетті. –Сіздің клиентіңіз? – Иә. Ол қайдан пышақ шығарғанын ешкім байқамай қалды. Пышақ тығып алды. Сонымен қашты былай жолға.

Көлік жөндеу орталығындағылар, мұндай жағдайды алғаш рет көріп отырғандарын айтты. Ал, жарақат алған жігіт тұрақты клиентіміз еді,- деді. Пышақ жарақатын алған адам, қазір ауруханада жатыр.

Фараби СТАМҚҰЛОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ №7 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ХИРУРГІ:
 
Науқас ауруханамызға ауыр жағдайда жеткізілді. Іш қуысы қатты жарақаттанып ішек жолдары сыртына шығып кеткен. Науқасқа ота жасалынды. Қазір ол қарқынды терапия бөлімінде ем алуда. Жағдайы орташа ауырлықта.

Полиция бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Олар бұзақыны ұстап, тергеу барысында оның Жамбыл облысының тұрғыны екенін анықтапты.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Техникалық жөндеу орталығы клиенттерінің біріне Жамбыл облысының тумасы алкогольдік ішімдікті ішкеннің салдарынан бұзақылық әрекетін жасаған болатын. Пышақ жарақаттарын келтірген. Аталмыш дерек, Қылмыстық Кодекстің 293 бабының 3 тармағы бойынша тергелу үстінде.

Яғни күдіктінің кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әзірге оның неліктен озбырлық көрсеткені белгісіз.

Ә. Лесбек