Карантин кезінде көңілді кеш өткізу үшін елордалықтар түрлі әрекет ойлап тауып жүр. Есікті іштен жауып алып мейрамханада той өткізу амалы ескіргенге ұқсайды. Тапқыр халық туған күндерін кемеде атап өтетін болыпты. Бірақ оны полиция анықтаған жоқ. Көңілді кеш жасаған той иелері өз-өздерін әлеуметтік желі арқылы ұстап беріп жүр.
Карантин елді үйге жай ғана қуып тыққан жоқ. Үйреншікті көп дүниеден бас тартуға үйретіп жүр. Оның ішінде көңілді кештер де бар. "Той десе ішкен асын жерге қоятын", халық осы ережені жиі бұзатын болды. Ұрланып той жасайтындар туралы видео интернетте шаш етектен. Соның бірі, 30 адам шақырып кемеде көңіл көтерген той иесі.
Айгүл БЕРЖАНОВА, КӨЛІКТЕГІ ТАУАРЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес су көлігі объектілерінде бетперде режимі сақталуы тиіс. Сондай-ақ бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тиым салынады. Осындай жағдайда орын алған фактілер өрескел заң бұзушылық болып саналады.
Айгерім БЕЙСЕМБІ, ТІЛШІ:
Күні кеше осы өзеннің бойында кемедегі кеш өтті. Карантиндік шектеулерді белден басқандар, қонақтар үшін демалыс ұйымдастырған.
Кеме алу қиын емес екен. Бізде "жасырын камерамен", кассаны жағалап көрдік.
Жасырын камера:
-Бос катерлер бар ма? Қанша уақытқа алса болады?
-в любое время. время не ограничено?
Кеменің сағаты 80 мың. Өтінішімізді жерге қалдырмай 10 пайызға дейінгі жеңілдік те жасады. Қысқасы 300 мың теңге төлесек, 4 сағат еркін тойлата аламыз. Кәсіпорын иесінің айтуынша, кемеде көңіл көтеру карантин ережелерін бұзбайтын көрінеді.
Дана МАРАТҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР:
Кеше кеш өткізген едік. Енді жанжал шығып жатыр. Дастархан жайып, жастар би кешін ұйымдастырды. Карантиндік шектеулер әлде қашан аяқталған. Демалыс күндері сауда үйлерінен басқа барлық жерлер жұмыс жасайды. Кешегі демалыс неге сонша резонанс тудырғанын түсінбеймін. Олар жалға алады, ешкімнің мазасын алмайды ғой. Адам санына байланысты біз жалға беруге құқығымыз бар.
Қалай болғанымен, кеме шуы осымен басылатын сияқты. Өткені, олардың жалға беру маусымы ертеңнен бастап жабылады. Елордада той жасап көзге түскен бұл бірінші оқиға емес. Карантин басталғалы бері ережеге бағынбаған 70-ке жуық кәсіпкерге 15 млн теңгенің айыппұл салыныпты.
А. Бейсембі