$441.8 €480.02 ₽4.88
×

Елордада 100 отбасы далада қалуы мүмкін

AstanaTV
23.09.2020ж. 20:00
1967
Елордада 100 отбасы далада қалуы мүмкін

Елордада 100 отбасы далада қалуы мүмкін. Өйткені, олар тұрып жатқан жатақхана апатты жағдайда тұр. Тұрғындардың айтуынша өткен жылы ғана жүрген жөндеу жұмыстарына 52 млн теңге жұмсалған. Бірақ нәтижесі шамалы. Қомақты қаражат құмға сіңген судай жоқ болды. Тараптарды тындаған тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Жатақханаға өткен жылы ғана 52 млн теңгенің жөндеу жұмыстары жүрген. Қыруар қаражатқа не жасалды? Оған тұрғындар аң-таң. Шынымен. Жөндеу жүрді деп айтуға келмейді. Кіре-берісі ат қорадай. Табалдырығы әбден тозған. Ол аздай жаңбыр жауса болды шатырынан су ағады.


Тұрғындар баспаналарының апатты жағдайда тұрғанын айтып, шұғыл бұзуды талап етуде.   Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ғимарат құлап қалуы әбден мүмкін. Нысанның адам өміріне қауіпті екенін төтенше жағдай қызметі де мойындап, апатты деген шешім шығарған. Бұдан жергілікті атқамінерлер хабардар.

Азамат ЖАНАЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ӘКІМШІЛІГІ БӨЛІМНІҢ БАС МАМАНЫ:


Біз Управление жильяға жібердік. Сносқа қосу үшін. 3 этабы басталғанда сол сносқа қосамыз. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бюджетінде шұғыл шығыстарға арналған жергілікті атқарушы органнан қаражат бөлінді.  МАНСҰР ЖШС мердігерлігімен ремонт жұмысы жасалды.

Дегенмен әкімдік өткен жылы жатақханаға жөндеу жұмыстара жасалғанын растады. Шатыры жаңартылып, қабырғасы сыланып, баспалдақтары ауыстырылды деді.  Коммуналды жүйе мен электр сымдары жөнделген. Алайда, тұрғындардың жұмысқа көңілі толмайды. Өйткені жөндеу жұмыстары, сапасыз жүргізілген деді.

Тамара СУДАКОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Олар тек ақша жымқырса болды. Бірі 52 млн, бірі 54 млн жұмсалды дейді. Ал, сол ақшаға жаңа жатақхана салуға болады ғой.

Жөндеу жұмысына жауапты компания болса, тұрғындардың шағымы ескеретін емес. Біздің де сұрағымызды жауапсыз қалдырды.

Қылышын сүйреп қыс та келіп қалды. 100 отбасы, қақаған аязда далада қаламыз ба деп қауіптенеді. Аудан әкімдігі болса, алдағы уақытта ешқандай жөндеу жұмыстары жүрмейтінін кесіп айтты. Өйткені, жатақхана сүріледі. Бірақ ол, 2022 жылға жоспарланған.

Д. Жарқынбек