$444.76 €495.37 ₽5.37

Аймақтарда Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

AstanaTV
12.11.2026ж. 19:00
Аймақтарда Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

Заманауи ауруханалар салынғанымен, ішінде ем жүргізетін білікті дәрігерлер болмаса - бәрі бекер. Сондықтан медициналық инфрақұрылымды жаңғырту мен кадр әзірлеу сапасын қатар ұстау - кезек күттірмейтін міндет. Дәл осы өзекті мәселе Ақтөбедегі Батыс Қазақстан медицина университетінде өткен жиында жан-жақты талқыланды. «Әділет» партиясының өкілдері ұстаздар мен студенттерге Жолдаудағы бастамаларды түсіндіріп, ғылым мен тәжірибені ұштастыру жолдарын сөз етті. Ал үшінші мегаполис – Шымкентте өткен кездесуде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше басымдық берілді. Елімізде 7 миллионға жуық бала барын ескерсек, оларға арналған емдеу орындарын кеңейту аса маңызды. Сондықтан алғашқы кезеңде республика бойынша 70-ке жуық медициналық нысан мен 50-ге тарта әлеуметтік мекеме салынбақ. Соның ішінде халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Шымкент қаласында жаңа көпбейінді балалар ауруханасы бой көтеріп, тұрғындарға сапалы медициналық көмекті қолжетімді етпек.  Ал Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының жұмысшыларымен өткен жүздесуде отандық атом энергетикасының келешегі сарапталды. Ядролық отын өндірісінде үлкен тәжірибе жинақтаған ірі кәсіпорын болашақ атом электр станцияларын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге сақадай сай. Жиында өндіріске жаңа технологияларды енгізу мен инженерлік әлеуетті арттыру мәселелері басты назарға алынды 

ЖАНАТ МЕКЕЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жолдауда атом энергетикасын дамыту мәселесіне айрықша мән берілгенін атап өткім келеді. Президент болашақ атом электр станцияларын уран шикізатымен ұзақ мерзімге қамтамасыз ету жайын пысықтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру, жоғары технологиялы өндірістер ашу мен тәжірибе алмасу үшін шетелдік серіктестерді тарту мәселелері көтерілді. Әсіресе отандық атом саласының мамандарын даярлау ісіне ерекше назар аударылды.