Негізгі / Жаңалықтар / Қарағандыда «Әуенді Сарыарқа» фестивалі аяқталды

Қарағандыда «Әуенді Сарыарқа» фестивалі аяқталды

Қарағандыда «Әуенді Сарыарқа» фестивалі мәресіне жетті. Бірқатар Еуропа мемлекеттімен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстанның өнер жұлдыздары қатысқан шара кеншілер шахарын думанға бөледі. Мәдениет сарайының сахнасында түрлі жанрда өнер көрсеткен әртістер көрерменнің ықыласына бөленді.

Кеште әлемдік классиктермен қатар отандық сазгерлердің шығармалары орындалды. «Әуенді Сарыарқа» фестивалі кеншілер шаһарында осымен 19-ыншы рет өткізілді. Өнер мерекесі аясында жұртшылық алыс, жақын елдердің мәдениетімен танысып келеді. Шараның жабылу салтанаты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің 70 жылдығына арналды. «Достарым - менің байлығым» мерейтойлық гала-концертінде ән жырдан шашу шашылды. Дүйсен Қасейіновтің ұйымдастыруымен көптеген қарағандылық жас Түркия, Малайзия, АҚШ, Қытай, Франция, елдерінде білімін шыңдады. «Әуенді Сарыарқа» фестивалінің қатысушылары кеншілер сарайының алдына жайылған қызыл кілеммен Жұлдыздар аллеясына дейін жүріп өтті. 2007 жылы ашылған аллеяда Роза Рымбаева, Ескендір Қасанғалиев, Мақпал Жүнісова мен Қайрат Байбосыновтардың атаулы белгілері бар. Бүгін Дүйсен Қасейіновтің де жұлдызы жанды. Есімі Құрмет кітабына жазылды.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Бұл фестиваль біздің Елбасымыздың рухани жаңғыру идеяларымен үндесіп жатыр. Сондықтан да оның ғұмырының ұзақ болатынына сенемін. Екіншіден, біз атқарушы билік осы фестивалдің жылдан жылға жалғасуына барлық жағдай жасаймыз деп сіздерді сендіреміз.

Дүйсен Қасейінов, Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының хатшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл - менің жұлдызым емес, менің шәкірттерімнің жұлдызы. Бұл-менің достарымның жұлдызы. Бұл - бүкіл қазақ елінің жұлдызы. Біз оларды мадақтауымыз керек. Біз оларды қашан да болса алақанымызда ұстауымыз керек.