$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда мемлекеттен субсидия алған фермерлердің басы дауға қалды

AstanaTV
02.10.2020ж. 20:00
3859
Павлодарда мемлекеттен субсидия алған фермерлердің басы дауға қалды

Тағы бір мемлекеттік бағдарламадан дау шықты. Павлодар облысында "Сыбаға" бағдарламасы бойынша мал алған оншақты шаруа істі болған. Оларға, "Жалған құжат ұсынып мемлекет қаржысын жымқырды", деген айып тағылып отыр. Ал, фермерлер болса шенеуніктер "жала жапты", деген пікірде. Шырмауықтай шырмалған жағдайды Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.

"Мал басын көбейтсем", деп "Сыбағадан" несие алғандардың бірі Сәтбек Мукин. Ол, осыдан 2 жыл бұрын Ресейден 520 бас сиыр әкелген. Фермер енді сол саудасын дәлелдей алмай жүр. Өйткені, құзырлы органдар кәсіпкердің қолындағы құжатқа сенбей отыр.

Сәтбек МУКИН, ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Мен малды Ресейден әкелгенде олардың Ресей машиналарымен бүкіл акиматтың кісілерде осында қарсы алдық, көрдік. Әр қайсы малдың биркасын фотоға түсіріп солай біз түсірген кезде сондай қабылдап алдық. Сонда қабылдап алғанда акиматта келді, бірнеше рет.


Ірі қараның Ресейден келгенін жергілікті шенеуніктер растайды. Құжаттарды да өз көздерімен көріпті.

Нұрлан ЖОЛМАҒАМБЕТОВ, АҚҚУЛЫ АУДАНЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тексердік құжаттары бәрі дұрыс болды. Малдануға деп Ресейден қағаз келді, ветеринариялық анықтама бар ғой. Сол ветеринариялық анықтамада жазылып тұр малдануға деп. Егер союға десе біз мясокомбинатқа жіберер едік. Сосын оны карантинге қойдық. Карантинде 21 күн тұрды, түгел тексерістен өтті.

Қағазбастылыққа тап болған жалғыз Сәтбек Мукин емес. Малдың заңды алынғанын дәлелдей алмай жүрген өңірде 10 кәсіпкер бар. Оларда, қай құжатты көрсетерін білмей дал болып жүр.

Ержан КӘКІМБАЕВ, ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Былтыр кредит алғанбыз 75 млн. Ресейден мал әкеліп, мал әкелгенде әкелді үйге әкеліп түсірді. Екі таможнядан өтіп үйге әкеп рассчетный бердік қой. Енді малды учетқа қояйық десек че то әлі күнге дейін міне бір жыл уақыт өтті. Неге екені өзімізге де белгісіз.

Дәлелді қағаздарды аймақтық экономикалық тергеу департаменті талап етіп отыр. Құзырлылардың айтуынша, малды шаруалар өсіруге емес союға әкелген. Яғни, шаруалар 233 млн теңгелік субсидияны жалған құжатпен алған.

Жоламан ҚИНАЛБЕКОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Олар тек етке деп әкелген құжаттары бар. Ал басқа құжаттарды олар қолдан жасауы мүмкін. Сондықтанда Ресей жіберген сұрау хаттар бойынша шекараны өту бойынша басқа шаруа қожалықтары ешқандай мал әкелмеген, өсіру үшін мал әкелмеген. Егерде етке деп әкелген малға субсидия берілмейді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл мәселенің күрмеуі күрделі. "Тергеу құпиялығына байланысты", деген желеумен құзырлы органдар істің анығын толық ашпай отыр. Ақ-қарасын сот анықтайды.

Ө. Қуанар