Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Жылқылары қырылған Жаңақорғанға Алматыдан ғалымдар келді

AstanaTV
12.10.2020ж. 20:00
3376
Жылқылары қырылған Жаңақорғанға Алматыдан ғалымдар келді

Алматыдан Қызылорда облысына келген ғалымдар, паразитарлық ауруға шалдыққан мал, адам үшін қауіпті емес екенін дәлелдеді. Жаңақорғанда жаппай жылқылардың қырылуына не себеп болғанын,  ветеринарлармен бірге мал иелеріне де көрсетті. Қойылған диагнозға күдікпен қараған шаруалардың сұрақтарына да жауап беріп, кеселдің алдын алу жұмыстарын түсіндірді.  

Ғалымдар Алматыдан Жаңақорған ауданына арнайы ат басын бұрған. Олар ауыл-ауылды аралап, шаруалармен кездесті. Ауруға шалдыққан жылқыны сойып, мал иелерінің күдігін сейілтті. Жылқының ішектерін жаулаған гастрофилез және параскаридоз құрттарын көрсетті.
 
Гүлнази АХМЕТОВА, ПАРАЗИТОЛОГ МАМАН:

Сойып зерттеу нәтижесінде сол екі диагнозды қойып бердік. Біреуі гастрофилез, екіншісі параскаридоз деген аурулар. Емдеуге келетін ауру бірақ, бұны осы дәріжеге жеткізбес үшін арнайы профилактикалық шаралар жүргізуіміз керек.

Ғалымдар уақытылы малға вакцина салдырып отыруға кеңес берді. Қора-қопсыны да  дизенфекция жасатып тұрудың маңыздылығын түсіндірді. Бұл шаруаларды шығынға ұшыратпаудың басты тетігі дейді. Мал иелері де мұны құптады. Олар сырқаттанған төрт түлікті емдеудің қыр-сырын білікті мамандардан игеріп жатқандарын айтты.

Бақытжан ТӨЛЕГЕНОВ, «ӨЗГЕНТ-С» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ғалымдар өздерінің іс-тәжірибелерін көрсетіп, Құдай қаласа келешекте сол кісілердің оқу-жаттығуын өтіп жатыр ғой қазір. Содан сабақ алып, солай емдейтін боламыз, малдардың, жылқылардың бәрін. Ветеренарлық препараттар бар, барлығы толық. Жылына екі мезгіл көктемде, күзде дәрілеп тұрсақ бұл ауруды жеңіп шығуға болады.

Аудандағы ауылдарды аралап, бірнеше күн зерттеу жүргізген ғалымдар мен ветеринар, көрген-түйгендерін ортаға салды. Шаруаларға малға таңба немесе заманауи чип салу туралы кеңінен мағлұмат берді. Айтуларынша бұл малшыға ғана емес, ветеринариялар үшінде тиімді көрінеді. Сонымен қатар, мал ұрлығын болдырмаудың оңтайлы тәсілі деді.

М. Тоқтасынқызы