Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қалаларды карантинге жабады ма, министр жауап берді

AstanaTV
14.10.2020ж. 20:00
5765
Қалаларды карантинге жабады ма, министр жауап берді

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтанда карантиндік шаралар күшейтіле бастады. Қоғамдық орындардың жұмысы қысқарып, мекемелер 60 пайыз қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істеуге көшіруде.   Блок-бекеттер қойылып, қалалар қайта жабыла ма? Көпті толғандырған бұл сұраққа бүгін Денсаулық сақтау министрі жауап берді.  

Әлемде жағдай ушығып тұрғанымен, бізде ауруды қайта жұқтыру жағдайы әзір тіркелмеді. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды деді, министр. Оның үстіне карантин талаптарын сақтамайтындардың қатары күннен-күнге артқан. Сондықтан, елдің бірқатар аймағында шектеу күшейтілген.   

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қазір Қазақстанды жабу туралы жоспарлап отырған жоқпыз. Біздің міндетіміз елді карантинге жабу емес, ескерту. Болжам бойынша, шектеу шаралары желтоқсан-қаңтар айларында күшейтілуі мүмкін. Бірақ, сценариді болдырмауға да болады. Ол үшін санитарлық талаптарды мықтап ұстану шарт. Бұған дейін ауруханадағы науқастар саны 35 мыңға жетсе, локдаун жарияланатынын айтқан едік.


Дегенмен, Қазақстан тағы да бірнеше мемлекетпен әуе рейсін қысқартпақшы. Украина, Германия, Баларусь, Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшатын ұшақтар азайады. Өйткені, шетелден келген қазақстандықтардың кеселді жұқтырғаны анықталуда.  

Ерлан ҚИЯСОВ, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕР:
 
6 қазанынан бастап Қазақстан шекарасын автомобильдік өткізу бекетіннен өткен 3 322 жолаушы карантиндік стационарға орналастырылды, оның ішінде 60 адамнан оң нәтиже анықталды. Ал, Халықаралық әуе рейстерімен келген 14 отандасымыздың ПТР сынамасы оң нәтиже көрсетті.

Қытайдан шыққан індет балалар арасында да көбейіп келеді. Қазір емханада 88 бала ем алып жатыр. Бұдан бөлек, мектепке барып жүрген оқушылар арасында 184 жағдай расталып отыр.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бүгінде мектепте кезекші сыныпта оқитын 73 оқушы коронавирусқа шалдыққан. 12 бала стационарға жатқызылды, жағдайлары орташа ауырлықта. Қалған 111 бала қашықтан оқиды. Ал, мектепке барып оқу мәселесін біз бірінші тоқсанның демалысы аяқталғанға дейінгі эпиджағдайға байланысты болмақ. Қазір балалардың онлайн білім алғаны қауіпсіз болып отыр.

Өткен аптада мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне COVID-19-ға тапсыратын тесттің қымбаттығын айтып, бағасын реттеуді тапсырған еді. Алексей Цой, Президент пәрмені апта аяқталғанға дейін орындалады дейді. Айтуынша,  ПТР сынамасын тапсыру құны 9000 теңгеге дейін арзандауы мүмкін.

А. Данияр