$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыс 90 пайызға өскен

AstanaTV
22.10.2020ж. 20:00
2650
Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыс 90 пайызға өскен

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасында ауыр қылмыс деңгейі 90 пайызға дейін өскен. Бірақ, жасөспірімдердің қаңғыбастығы мен бұзақылығы алдағы жылдармен салыстырғанда едәуір төмендепті. Мамандардың айтуынша, оған пандемия кезіндегі карантиндік режим себеп болуы мүмкін. Жастар арасындағы қылмыс жайлы тараздық тілшіміздің бейнематериалында.

Карантиндік режим кезінде көптеген ойын-сауық мекемелерінің жұмысы тоқтап, жастардың баратын жері қалмады. Осыдан болар, көшеде бас сауғалап жүрген жеткіншектер азайған. Ресми деректерге сенсек, жыл басынан бері бетімен жүрген 3,5 мыңға жуық бала тіркеліпті. Бұл өткен жылғыдан жарты мыңға төмен.

Нүркен Абдуллин, ПД ЖПҚБ ЮВЕНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ТОБЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:

 
Қыдыратын жері, бос уақытын өткізетін орындардың жұмыстары қазір шектелуде. Осыған байланысты баланың қаңғыбастығы төмендеп кеткен. Бірақ осыған қарамастан аталған жұмыстар атқарылуда және жалғастырылуда.

Көше кезгендер көрсеткіші азайғанымен жастар арасында қылмыс деңгейі күрт көтеріліп кеткен. Арасында аса ауыр қылмыс жасағандарда бар. Облыста өткен жылы жеткіншектер арасында 20 ауыр қылмыс тіркелсе, биыл ол екі есеге жуық жоғары. Ал, құқық бұзғандардан осы күннің өзінде 250-ден астам бала полиция есебінде тұр. Мектеп ішілік тіркеуге алынған жеткіншектер қатары болса одан екі есеге көп. Жеткіншек тәрбиесінде педагогтерге ата-ана қолдауы қажет.

Талған ЖАМАЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Көп жағыдайда ата-аналар жұмыс бастылыққа бой береді. Біз шаршап келеміз, жұмыстамыз баларға қарай алмаймыз деген мәселені айтады. Ата-аналардың өздерінде тәртіпке үйретіп, тәртіпке шақыру керек.

Қолданыстағы заңға сәйкес бұзақылық жасаған баламен бірге ата-анасы да жауапқа тартылады. Түнгі уақытта, себепсіз көше кезген жеткіншек үшін әке-шешесі 5-10 айлық есептік көрсеткіш түрінде айып пұл төлейді Үшінші рет қайталанған жағдайда ата-ана 10 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Бұл ереже бұрыннан бар. Бірақ оған жеткіншек те ата-анасы да бағынатын емес.

Б.Жұмабай