$491.7 €531.28 ₽5.07
×

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ». Сұлу сәйгүліктер сайысы.

AstanaTV
23.09.2017ж. 20:00
5453
«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ». Сұлу сәйгүліктер сайысы.

Алматыда атбегілер бас қосты. Екінші рет ұйымдастырылған халықаралық шоу-көрмеге асыл тұқымды араб аттары әкелінген. Шара аясында жылқы шаруашылығындағы бизнесмендер өзара қарым-қатынастарын нығайтты, екіншіден, атбегілер жиналған қауымға сұлу аттарын көрсетті. Көрме барысында ақалтекелердің сұлулығын салыстырған сайыс та ұйымдастырылды. Тұқымы таза 20 араб жылқысын жиылған жұрт тамашалап, бағасын берді. Әсіресе, Пермиз атты пырақтың әдемілігіне таңғалды. Бірнеше жыл бұрын ол Ресейден әкелінген екен. 

Ирина Стиглер, халықаралық дәрежедегі судья:

Мен халықаралық жарыстарға бұрыннан баға беріп келемін. Тіпті дүниежүзілік спорт сайыстарында да судья болдым. АҚШ, Австралия, Еуропа мен Араб елдеріндегі түрлі шаралардың деңгейін бақыладым. Шындығында, ат жарыстары жақсы деңгейге көтеріліп келеді. Сондықтан, әр елдегі жылқы малын сүйетін адамдарға ақыл-кеңес беру, бағыт бағдарын көрсету, көмектесу - басты талап. Қазақстандық атбегілерге әлі де болса көмек керек. Бағу, күнделікті күтіп баптау сынды мәселелер жағынан.

Бүгінде әлем бойынша араб ақалтекелерінің саны санаулы деп есептеледі. Шамамен бірнеше мыңдай. Басым бөлігі АҚШ-та. Қазақстанда отызға жуық араб жылқысы бар. Иә, сатып алу бір бөлек. Оны асырау, күтіп-баптаудың өзіне ай сайын 200 мыңнан аса теңге жұмсалады. Асыл тұқымды атыңыздың келбетін, сұлулығы мен тұқымын сонда ғана сақтай аласыз.

Мунавара Палташева, Шанхай ынтымақтастық ұйымы іскерлік кеңесі төрағасының орынбасары:

Қазақстандағы жылқы өндірісінде әлі де болса кемшіліктер жетіп артылады. Селекциялық жұмыстардан бастап ветеринарлық қызмет, маман тапшылығы, ат спортының дұрыс дамымауы, асыл тұқымды малды көбейту жағы дегендей.  Әлемнің көп мемлекетінде жылқы малы ерекше бағаланады. Оған қомақты қаржы бөлінеді. Ал, Қазақстан бұл деңгейге жете қоймады. Инвестиция жоқ.  Бірақ, әуесқой атбегілер бар. Жылқы қашанда өз бағасын жоғалтпаған. Жоғалтпайды да. Сондықтан, әлем елдерінде ипподромдар, заман талабына сай жарақталған қоралар жаппай салынып жатыр. Қазақстанда да осы салаға бет бұру қажет.