Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қарағанды облысы М. Жұмажанов ауылының тұрғындары мұнай қалдығынан улануда

AstanaTV
05.11.2020ж. 20:00
2910
Қарағанды облысы М. Жұмажанов ауылының тұрғындары мұнай қалдығынан улануда

Мына кадрларды Қарағанды облысы Мұқажан Жұмажанов ауылының тұрғындары жолдапты. Олар елдімекеннен небәрі 500 метр жерге төгілетін мұнай қалдығынан уланып жатырмыз дейді. Бастапқыда халық бұл полигонның салынуына қарсы болған. Алайда онымен ешкім санаспады деп отыр. Бір жыл ішінде мал қырылып, тіпті мутант ірі қаралар туып жатқанын жеткізді. Шарасыз халық балаларының болашағына алаңдайды. Алаңдауға негіз де бар сияқты, әсіресе көрермен жіберген құлынның видеосы шынымен қорқынышты.

Байдулат НҰРҒАЛИЕВ, МҰҚАЖАН ЖҰМАЖАНОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Ауылға орасан зор зиян келіп тұр. Таңертең тұрғанда демала алмай қаламыз. Ауылдан сәл-ақ жерде тұр. Арнайы өлшедім. Қандай заңға сәйкес жасаған түсіне алмадым.


Дәл қазір осы мәселеге жауапты Мұқажан Жұмажанов ауылының әкімі Думан Бүкірбаевпен хабарласып көрейік. Думан мырза, қайырлы кеш! Тұрғындардың шағымы құлақ үркерлік. Өзіңіз де сол ауылда тұратын боларсыз. Неліктен мұндай полигон салынған?

Думан БҮКІРБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ МҰҚАЖАН ЖҰМАЖАНОВ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Шағын кәсіпорын ашылар тұста қаладан экологтар мен СЭС мамандары келіп тексеріс жүргізген. Солардың рұқсатымен ашылды. Барлығы талапқа сай.

Экологтар барлық талаптарға сай десе де, неліктен тұрғындардың талабы ескерілмеген? Дегенмен полигон орынын көшіру мүмкін бе? Халық бұл мәселеден қалай құтыла алады?

Думан БҮКІРБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ МҰҚАЖАН ЖҰМАЖАНОВ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бастапқыда халыққа мұның зияны жоқ екені түсіндірілді. Жаман иісі бар екені рас. Бірақ, мутант балалар туады деген өтірік. Алайда, тағы да хат жазып бұл мәселені шешуге барынша көмектесетін боламыз.

Сұхбатыңызға рақмет! Думан мырза, қолдан жасалған қастандыққа жол бермейсіз деп сенейік. Біз мәселе қаншалықты шешілгенін бақылауға аламыз, демек тақырыпқа тағы бір ораламыз.  Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған мәселе болса - экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласыңыз. Аудио немесе видео жолдаңыз. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.

Ғ.Өтемісов