$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тобыл өңіріндегі мектеп оқушылары компьютермен толық қамтылды

AstanaTV
10.11.2020ж. 20:00
1925
Тобыл өңіріндегі мектеп оқушылары компьютермен толық қамтылды

Қашықтан оқитын шәкірттер қамы үшін. Қостанай облысында 158 мектеп отандық кәсіпорында құрастырылған компьютерлермен қамтылды. Оған жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл үйде отырып білім алып жүрген оқушыларға қолайлы болды. Қостанайдан Заңғар Санайдың репортажы.

Арман Сейдахмет сабақты үйден оқып жүрген оқушылардың бірі. Өйткені, оны кезекші сыныпқа әжесі жібермей отыр. Немересінің денсаулығына алаңдаған Галина Сейдахметова, мектептен ноутбук сұратып алыпты.

Галина СЕЙДАХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Дежурный класс бар. Жібергім келмеді. Қазір балаларды көбісі ауырады ғой. Телефон менде қарапайым. Уатсапқа қосылмайды. Сосын компьютер сұрадым. 1 қыркүйекке дейін әкеп орнатып берді.


Баласын мектепке жібермей отырған жалғыз Галина әжей емес. Ресми деректерге сенсек, Тобыл өңіріндегі 110 мың оқушының 80% үйден оқып жатқан көрінеді. Кезекші сыныпқа 20% ғана барып жүр. Мұны жергілікті басшылықта біледі. Барынша көмек қолын созуға тырысты. Оқу жылы басталғанда, жағдайы төмен отбасыларға қайтарымды негізде 12,5 мыңға жуық компьютер берілді.

Мейрамғали ТАЙЫПОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ АҚПАРАТТАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Егерде Қостанай облысында пандемияға байланысты нашарлайтын болса жаңағы асқынатын болса, онда осы сатып алынған компьютерлерді балаларға үлестіреміз. Қайтарымды келісім шарт жасалады ата – ана мен мектеп арасында.


Келісім-шарт негізінде, жақында тағы 15 мыңнан астам компьютер сатып алынбақ. Оған Үкіметтік резервтен 2 млрд 400 млн теңге бөлінді. Осы ретте, қажетті техниканың бір бөлігі отандық зауытта құрастырылғанын айта кеткен жөн.

Бағдат ОМАРОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ АҚПАРАТТАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Параметрлік сәйкестігі бізге өте маңызды. Мында бізде ноутбукте SSD дискісі орналасқан. Бұл өте жылдам. Жұмыс істеуге өте қолайлы және де "оперативті память", дейміз бұл жаңағы ноутбуктің жұмыс істеу жылдамдығы өте жоғары деңгейде.

Ақпараттандыру орталығының IT мамандары, Петропавлде жасалған ноутбуктердің сапасын мұқият тексеріп шықты. 3 мың компьютер сынақтан өтті. Алдағы уақытта тағы 6,5 мың ноутбук тексеріледі. Сынақтан сүрінбей өткен компьютерлер ғана оқу ордаларына үлестіріледі.

З. Санай