Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қақпағы жоқ құдықтар мектеп ауласында да бар

AstanaTV
16.11.2020ж. 20:00
1744
Қақпағы жоқ құдықтар мектеп ауласында да бар

Қақпағы жоқ, ашық жатқан құдықтарға кім жауапты? Бүгін арнамызға Алматы облысы Байсерке ауылдық округінің тұрғыны хабарласып, қауіпсіздікке алаңдайтынын айтты. Ол өзі тұратын Әлкей Марғұлан атындағы көшеде мұндай беті ашық құдықтың бірнешеуін таспаға түсіріп алған. Тіпті мектеп ауласынан да кездестіріпті. Сондай-ақ кәріз құбырлары ескі, талапқа сай келмегендіктен жарылып жатқанын айтады. Экранға назар аударайық.

Водопровод трубасының орнына канализацияның шірік трубасын қойып жіберген. Қақпағы да жоқ. Міне, суға толып жатыр. Бұған балалар түсіп кетсе кім жауап береді? Іле ауданы әкімдігі, сіздер жауап бере аласыздар ма? Міне, құдық қақпағы жоқ.

Беті ашық жатқан құдыққа талай адам түсіп, қаза тапқан оқиғалар ел аумағында кездесті. Сондықтан хат редакциямызға түсе салысымен Іле аудандық әкімдігіне хабарластық. Мән-жайды баспасөз хатшысы Бақтияр Талғатұлына жеткізіп, жауапты әкімдік өкілімен қосуды өтіндік. Бізге жауапты деп Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуовтің нөмерін берді. Бірақ шенеунік қоңыраумызға жауап бермеді. Міне өздеріңіз көргендей, телефонын өшіріп тастапты. Бұл мәселені телефон өшті, жауап беретін ешкім жоқ деп қалдыра салмаймыз. Ертең аудан, облысқа шығып, бұл мәселені қайта көтереміз.

Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған мәселе болса - экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласыңыз. Хат жазыңыз, аудио немесе видео жолдаңыз. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.


Ә. Өмірзақ