Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Павлодарда жылуға жарымған тұрғындар шу шығарды

AstanaTV
23.11.2020ж. 20:00
1842
Павлодарда жылуға жарымған тұрғындар шу шығарды

Павлодарда суық түскелі баспанасы пана болмай кеткен көпқабатты үй тұрғындары бүгін шу көтерді.
Жылуға жарымай отырғандарына 10 жылға жуықтағанын айтады. Олар берілмеген жылу үшін қайта есептеу жүргізсін – дейді.  Мәселені тұрғындармен жүздесіп келген әріптесім Өзгеріс Қуанар тарқатып береді.

Серік Мусин бұл жылда қайталанатын көрініс екенін айтты. Күн суытып, аяз тұрса болды баспана пана болмай кетеді деді. Азынаған суықтан бүрсең қағатындарын жеткізді. Қабат-қабат киіммен ұйықтауға мәжбүр. Суық үйде, ыстық су да тоқтап тұр.

Серік МУСИН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2010-да көшіп келгем осы үйге. Міне, 2010 жылдан бастап, міне 10 жыл болды үй салқын, суық. Ыстық су жоқ. Таңертең салқын болған жарайды енді. Обедте келем, кешкіде келем, кранды ашып қоямыз. 10-15 минут тұрады. Биыл отопленияны да ауыстырдым. Батереяны бәрін қосып. Міне, күн жылы, ертең суық болса не болады.

Бұл бір ғана үйдегі жағдай емес. Қаладан шеткері орналасқан 2 бірдей көпқабатты үй тұрғындарына ортақ мәселе. Тұрғындарын мұңын айтып, талай есікті тоздырғандарын жеткізді. Алайда, нәтиже болмаған.  

Айбек КАМЕЛ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ең құрыды дегенде болмаса, қайтадан есептеулер жасасын. Жаңағы көрсетілген қызметке байланысты есептеулер қайтадан жүргізілсін, тіпті, қолдарынан келмесе. Жалпы жылуға 8 мың, 10 мың, 12 мың төлейтіндер бар. Бірақта, көрсетілген қызмет сапасы төлем ақшасына сай келмейді.

Үйге жауапты меншік иелерінің бірлестігі, мәселені жоққа шығармайды. Бірақ бұған біз кінәлі емеспіз деп ақталды.

Наталья ЖУКОВА, МЕНШІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ:


Бұл жердегі басты проблема: жылу желілері мекемесі насосты уақытылы қоспайды. Содан жылу мөлшері көтерілмей тұр. Біз жылу орталығы жіберген жылуды қосып отырмыз. Сондықтан, бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Бар кінә жылу орталығында.


Жылу орталығындағылар жазбаша хабарламамен шектелді. Олар үйлердің салқындап кетуіне қондырғылардың істен шығуы себеп болғанын айтты. Ыстық су беру де осының кесірінен тоқтатылыпты.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ:

Павлодар қаласының оңтүстік бөлігіндегі көп қабатты үйлерге 18-ші және 19-шы қараша күндері жылудың жеткіліксіз мөлшерде берілуіне «Қазақстан Алюминий» АҚ 1-жылу электр станциясында жылу құрылғысының қалпына келтірілмеуі себеп. Сол себептен жылу көрсеткішінде ауытқулар болды. Әзірге бұл қазандықтағы проблема шешілген жоқ.  


Қазандықтағы ақау қашан қалпына келтіріледі? Ол жағы бізге белгісіз. Компания өкілдері жөндеу мерзімін нақтыламады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Қайта есеп жасасын деген тұрғындар талабына қатысты да мекеме жақ ашпады. Жылуға жауаптылар бұл қиындықтар өткен аптадан бері болып жатқанын мәлемдеді. Ал, тұрғындар болса 10 жылдан бері шеше алмай жүрміз дейді.

Ө. Қуанар