$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елорданың дарынды оқушылары мен ұстаздарына қаржылай сертификаттар мен ноутбук берілді

AstanaTV
11.12.2020ж. 20:00
2299
Елорданың дарынды оқушылары мен ұстаздарына қаржылай сертификаттар мен ноутбук берілді

Елордада дарынды оқушылар мен ұлағатты ұстаздар құрметке бөленді. Түрлі білім сайыстарында көзге түскен шәкірттерге қала әкімі Алтай Көлгінов 100 мың теңгелік сертификат пен алғыс хаттарын табыс етті. Ұстаздар да құр алақан қалған жоқ. Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатқа бөленген дарынды жастармен Асылбек Данияр сұхбаттасты.

Бексұлтан Әбдікәрімов, жұлдызы жанған жас математиктердің бірі. Ол, "Азия-Тынық мұхит" бәйгесі, "Жәутіков" атындағы халықаралық байқау мен жасөспірімдер арасындағы "Балқан" республикалық олимпиядасы сияқты түрлі білім сайыстарында топ жарған. Ол бүгін әкімнің қолынан сертификат алды.

Бексұлтан ӘБДІКӘРІМОВ, "ДАРЫНДЫ ЕР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ " ОҚУШЫСЫ:


Шынымды айтсам, қуаныштымын! Өйткені көп адамды шығарған жоқ, іріктеп алған болатын. Сондықтан, осындай ортаға кіргеніме қуанып тұрмын. Әкімнің өз қолынан сертификат алғаныма.

Дарынды балаларға жол ашу және білімін жетілдіру. Қала басшылығының білім саласында ұстанған бағыты осы. Бұл орайда әрине ұстаздардың да еңбегі өлшеусіз. Білім бұлағын ашып, дарынды шәкірт дайындаған мұғалімдерге де құрмет көрсетілді. Ұлағатты ұстаздарға бір-бір ноутбук пен сыйақы берілді.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өздеріңіздің білімдеріңізбен, білімге құштарлықтарыңызбен сол ерінбей, таңнан кешке дейін мұғалімдерінің айтқанын істеп, өздеріңіздің қосымша даярлықтарыңыздың көрсеткен нәтижесінде осындай жетістіктерге жетіп отырсыздар.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, елордалық оқушылар халықаралық олимпиадаларда ғана емес ғылыми конференцияларда да көзге түскен.

Шолпан ҚАДЫРОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Олимпиадаларда ғылыми жоба сайыстарында, спорттық-шығармашылық байқауларда бас жүлдені, алтын, қола медаль алған. Оқушылар ол біздің еліміздің мақтанышы және болашағы.

Айта кетсем, Мемлекет басшысының тапсырмасымен мектептер салынып, балалар орталықтары мен үйірмелер ашылып жатыр. Сондай-ақ мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтіліп келеді. Қала әкімі, бала саны тым көп мектептер саны 2 есеге азайды, деді.

А. Данияр