Бүгін ақжолдықтар, республикалық сайлауалды штабының отырысын өткізді. Партия төрағасы Азат Перуашев, әріптестерін карантин талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырды.
"Ақ жол" демократиялық партиясының штабы қарашаның басында жасақталған болатын. Аймақтағы штаб өкілдері де жиынға онлайн қосылды. Партия төрағасы Азат Перуашев ұйымдастырушылық жұмыстарды пысықтады. Мемлекет даму үшін алдымен халыққа білім керек, содан соң кәсіп пен кәсібилік қажет дейді қатысушылар. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытудың оңтайлы тетіктерін ұсынып отыр. Соның бірі шағын және орта бизнеске берілетін несиенің пайыздық мөлшерін төмендету.
Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Кәсіпкерлік - елдің гүлденуіне апаратын жалғыз жол. Кез-келген қоғамда қолынан іс келетін азаматтар бағаланады. Жол салады, өнеркәсібін дамытатын кімдер? Әрине кәсіпкерлер. Пайыздық қайтарымды төмендету қажет. Ең болмаса көрші Ресейдегімен теңестірсек, пандемия жағдайында шағын және орта бизнестің жағдайы жақсарар еді.
Штаб жиынында партия өкілдері сайлаудың әділ өтуіне баса назар аударатындарын жеткізді. Ол үшін арнайы бақылаушылардан құралған топ құрылды. Партия төрағасы Азат Перуашев сайлау кезінде заңбұзушылықтардың орын алмауын барынша қадағалауға ниетті.
Азат ПЕРУАШЕВ, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Биліктің іргетасы – ол халықтың өзі. Сондықтан таңдау жасау кезінде ұрлық жасау, заңсыздық жасау әділетсіз жолмен билікке келу деген сөз. Сол үшін мұндай әрекеттерге біз қарсы болуымыз қажет.
Ғ.Өтемісов