Солтүстік Қазақстанда шаруалар бруцеллез дертіне шалдыққан малдың өтемақысын ала алмай жүр. Өйткені ветеринарлар мен қасапхана сөзі екі түрлі. Малын Көкшетауға тапсырған тұрғындар өтемақы алса. Қостанайға тапсырылған мал үшін қаражат төленбеген. Кейбір ауыл тұрғындарының шығыны жарты миллион теңгеден асып жығылады. Бруцеллезді кім анықтады? Компенсация неге төленбей жатыр? Абзал Құрманкин анықтап көрді.
Уалиханов ауданына қарасты Тілеусау кентінде дағдарыс өткен жылы басталған. 50-ге тарта түтін бар ауыл шалғайда жатыр. Облыс орталығынан 400 шақырым қашық. Ресейге шекаралас кенттің негізгі кәсібі мал шаруашылығы еді. Алайда оның өзі кейінгі жылдары өнбей тұр.
Маргарита ГОРЮНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
2019 жылы малдан бруцеллез табылып, ауыл карантинге жабылды. Ветеринарлар сараптамасы бруцеллезді растады. Кейін малымызды Қостанайдағы қасапханаға жібердік. Бірақ олар малды сойып, сиырлар ауру емес деген шешім шығарды. Демек, бізге қағаз жүзіндегі анықтама бермеді. Енді соның кесірінен ветеринария басқармасынан өтемақы ала алмай отырмыз.
Зейнет жасына аяқ басқан Айман Қазинованың былтыр 20 сиыры болған. Ірі қараның дені өткен жылы бруцеллезге шалдыққан екен. Өтемақы сомасы 600 мың теңгеге жуық. Бірақ ақша әлі күнге жоқ.
Айман ҚАЗИНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Уәлихан ауданының ветеринариясы Көкшетауға тапсырды. Олар субсидия төледі. Малдары ауру болып. Ал Қостанай төлемей тұр. Неге екенін білмеймін. Бізден ол мал ауру деп алып кеткен. Май айында 5 бас, март айында 6 бас алып кетті.
Шаруалардың айтуынша, малды сойған компания етті тым арзан бағаға алыпты. Кәсіпорын, еттің әр келісін 900-ден 1200 теңгеге дейін бағалаған екен. Қостанайға телефон соқтық. Анық-қанығын білмек ойымыз бар еді. Алайда мекеме, "Жауап кейін болады", деп қысқа қайырды. Ал, ветеринарлар болса сол қасапхананың қағазын күтіп отыр. Ресми құжатсыз шаруаларға қаражат жоқ.
Наталья ТАРАКАНОВА, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Малы бруцеллезге шалдыққан тұрғындар жеті түрлі құжат тапсыруы тиіс. Бұл жолы тұрғындар еттің азыққа жарамсыздығы туралы және малдың қайта өңделуі туралы құжатты тапсырмады. Негізі биыл Уәлиханов ауданының 98 тұрғынынан өтемақы жөнінде өтініш келіп түсті. Оларға ірі қараның 160 басы үшін 13 миллион теңге қаражат төленді.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Шаруалар болса ветеринарлар сөзіне сеніп малынан айырылды. Ал, өтемақы төленетін емес. Мұңын айтып тұрғындар талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Нәтиже сол күйлі жоқ.
А. Құрманкин