Үрей туғызған үйлер. Қостанайда жылдан жылға ескі үйлер көбейіп келеді. Дені, кеңестен қалған көне ғимараттар. Жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген үйлер бір күні құлап қала ма деген күдік бар. "Жанымызды күнде шүберекке түйіп отырамыз", дейді жергілікті тұрғындар. Ал, шаһар басшылығы болса, шағымдар бойынша жұмыс жүріп жатқанын", айтып отыр. Заңғар Санай сабақтайды.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
80 жыл бұрын ағаштан салынған көне нысанның қазіргі көрінісі осы. Қабырғасы жарылып, сыртқы сылағы сыпырылып іргесі шөгіп әбден тозығы жеткен. Бұл баспананы 4 отбасы мекендейді.
Өмірінің жартысы осы үйде өткендердің бірі - Нина Разбейкина. Зейнеткердің айтуынша, бұл ағаш үй сонау Кеңес кезінде ұмытылған. Шенеуніктер түгіл кооперативтер қарағысы келмейді екен. Сөйтіп, ағаш үйдің шіріп жатқанына 40 жылдан асты.
Нина РАЗБЕЙКИНА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Мұнда тұру мүмкін емес. Қабырғаның жарығы 30 сантиметрге жетті. Едені шіріп бітті. Электр сымдары жалаңаш. Талай рет әкімдіктің табалдырығын тоздырдым. Әлі жауап жоқ.
Зейнеткер "қара шаңырағын" тастап кете алмайды. Қимағандықтан емес жағдайының жоқтығынан. Жырақта жұмыс істейтін жалғыз ұлы да жарытып айлық таппайды. Жақындары да тиын санап отыр.
Вера КИЩИК, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үй кез-келген сәтте опырылып түсуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, баспананың 81 пайызы тозған. Негізі бұл үй 2 жыл бұрын бұзылу керек еді. Жақында әкімнің онлайн қабылдауына жазылдық. Бірақ Ахметов бізбен сөйлеспей қойды.
Ал әкімдіктегілердің айтуынша, апатты үй тұрғындары кезекке алынған. Әжейге басқа жерден пәтер ұсынылыпты. Алайда зейнеткер, "Жаңа үйге ғана көшемін" деп жатып алыпты.
Олжас ӨМІРЗАҚОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Узкоколейный көшесінен пәтер ұсындық. Әрине жаңа үй емес. Бірақ жағдайы жақсы. Тұрмыстық –санитарлық талаптарға сай. Ол кісі баспанадан бас тартты. "Жаңа үй беруге міндеттісіңдер", дейді.
Қостанайда құлағалы тұрған бұл жалғыз үй емес. Әбден тозығы жеткен нысандар әкімдіктің жіті бақылауында екен. Кейбір үй тұрғындары көшірілген. Өткен жылы ғана 16 отбасы баспаналы болыпты. Тағы жиырма жанұяны көшіру жоспарда бар. Нақты қашан екені белгісіз. Әйтсе де әкімдік үймен қамту жолдарын қарастырып жатқан көрінеді.
З. Санай