Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Бүгін коронавирустың "қызыл" картасына Ақмола облысы да қосылды. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпараты осы. Жалпы республика - COVID-19-дың қауіптілігі орташа аймақта тұр. Бұдан бөлек, өткен тәулікте 53 оқушыдан қытайлық кесел табылған. Ал, көрші Ресейде індеттің "британдық" штамының алғашқы жағдайы тіркелді. "Тәж" вирусының әлем мен елдегі қазіргі ахуалын әріптесім Асылбек Данияр айтып береді.
Дүниежүзін көрінбейтін тормен шырмаған коронавирустың бәсеңдейтін түрі жоқ. Ауруға ем болады деген вакцинана да тосқауыл бола алар емес. Өзге елдердегідей Қазақстанда да індеттің таралу қарқыны тұрақсыз. Мәселен, өткен тәулікте 780 адамның ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткен. 10 қаңтардағы министрліктің ақпараты бойынша, 23 мыңнан астам науқас аталмыш дерттен емделіп жатыр.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Бүгінгі күні коронавирус инфекциясынан ауруханаларда 5608, амбулаториялық деңгейде 17 530 пациент ем қабылдап жатыр. Науқастардың арасында 277 адамның жағдайы ауыр, 53-інің өмірі қыл үстінді. Сондай-ақ 44 адам өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған.
Оқу жылының үшінші тоқсаны басталды. Бұл жолы 1 және 5 сынып оқушылары «кезекші сыныптарға» баруға рұқсат берілді. Бұл қағидат, биыл мектепті тәмімдайтын түлектерге де қатысы бар. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 1 қыркүйектен бері 4 жарым мың баланың індетке шалдыққанын мәлімдеді.
НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Оффлайн сабақтар кестесіне инвариантты компонент пәндері кіреді: Орыс тілі мен Әдебиеті, Қазақ тілі мен Әдебиеті, Шет тілі, Алгебра, Геометрия, Физика, Химия, Биология, География, Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы. Бұл - оқу пәндерінің 70%-ын құрайды. Қалған 30% пәндер қашықтық форматта өтеді. Бір сабақтың уақыты 5 минуттық үзіліспен 30 минуттан аспайды.
Әлемдегі жағдайда әлі тұрақталған жоқ. Ресейде алғаш рет коронавирустың «британдық» штамы табылды. Мутацияланған вирус Ұлыбританиядан оралған ресейліктерді тексеру кезінде біреуінен анықталған. Жалпы COVID-19-дың бұл түрі Британияда желтоқсан айының ортасында тіркелген еді. Ғалымдардың болжамынша, әдеттегіден 70 пайызға жұқпалы болуы мүмкін.
А. Данияр