Шымкентте Тассай тұрғын алабының тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Арнамызға осылай деп арыз айтқан жүзден астам отбасы қыстың көзі қырауда жиі жылусыз қаламыз, деді. Айтуларынша, өздері тұратын аумақта қуат көзі тым тапшы. Ал екі жыл бойы жүргізілген жаңа электр жүйесінен әзірге қайыр болмай тұр. Тіпті жаңа жылды жарықсыз қарсы алдық деген халық төзімдері таусылғандарын жеткізді.
Бұл видео тұрғындардың сөзіне дәлел. Түнге қарай сығырайған шаммен отырған әлдеқайда жарық дейді шыдамы таусылған тассайлықтар. Күндіздің өзінде үй іші алакөлеңке. Ал үй жылытатын қазандық тоқ жетіспегендіктен қайта-қайта өшіп қалады екен.
Тассайдағы жүзден астам отбасының басындағы жағдай - бұл. Халық соңғы уақытта теледидар қарап, тоңазытқыш қосуды қойдық, дейді. Электр энергиясы жетіспегендіктен тұрмыстық техникалары да жиі күйіп кететін көрінеді.
Шолпан ҚҰРБАНБАЕВА, ТАССАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Свет мүлдем свечка сияқты жанады, свечка. Котел жанбайды, күйіп кетеді деп қорқамыз. Күйеуім деген түнімен ұйықтамайды, аңдып шығады. Өшіп қала ма, бұзылып қала ма?... Холодильник екі мәрте күйді. Екеуінде 35 мыңнан істеттік. Ол тағы да күйіп кете ме деп тағыда қорқып отырамыз.
Тассайлықтар негізі жекеменшік трансформатордан қуат алады. Мұнда бағаналар қойылып, жаңа желілер тартылып қойған. Алайда жарық келмепті. Шенділер желтоқсан айында қарық қыламыз деген, алайда уәде құр сөз күйінде қалып келеді,- дейді өзімі таусылуға шақ халық.
Мақсат ЕСҚАРАЕВ, ТАССАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір -біріне сілтейді: «Подрядчик істемей жатыр, дейді. Құжат дайын емес»-, дейді. Одан ЖКХ анаған сілтейді, әкімшілік мынаған сілтейді. В общем лақтырып жатыр ғой былай –былай, қазақшалап айтқанда лақтырып жатыр.
Ботагөз ИМАНОВА, ТАССАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз мегаполиста тұрамыз. Сондай Шымкент деген атымыз бар. Бірақ тұрып жатқан жеріміз мынау. Мынау шіріп кеткен столбада, свет күнде өшеді. Жаңа жыл күні мүлдем жанып кетті свет,потому что частный свет көтере алмайды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бұл аумақта ауыз су да күрделі мәселе. Тұрғындар көктем мен жазда тіршілік нәрінен қатты қиналатындарын айтады. Өйткені жекенің меншігіндегі су бәріне бірдей жетпейді. Ал былтыр күзде беріледі деген мына су құбыры әлі күнге көріп тұрғанымыздай далада жатыр.
Энергетика басқармасының өкілі келіп тұрған суды халық өзі ішпей отыр деп ақталды. Шынтуайтында ол әлі дайын емес, деді жұрт. Ал электр энергиясын күні ертең-ақ қосамыз деп сендірді.
Нұрлан ЖАМАНКӨЗ, ШЫМКЕНТ қ. ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жерде кабельдері сәл дұрыс жалғанбаған сондай себептер болды. Оларды біздің мердігер толығымен бүгінгі таңда олардың айтқан кемшіліктерін жойылды. Енді ертеңнен бастап олар Оңтүстік жарық Транзит гор РЭС-тің бас инженерімен келіп РПны қосып, КТП ны қосамыз.
Тұтынушыларды қосу жұмыстары әрі қарай біртіндеп жүреді деді. Бірақ бұған да бұқара сене алар емес. Олар ертең жарық берілмесе жолды жабамыз деп тарасты.
А. Төребекқызы