Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ауылдардағы ауыз су тарифы арзандайды

AstanaTV
14.01.2021ж. 20:00
3803
Ауылдардағы ауыз су тарифы арзандайды

Ал, сенаторлар бүгін ауылдардағы ауыз су тарифы арзандандатуды ұсынып отыр. Депутаттардың сөзінше, қалаға қарағанда ауылды жерлерде ауыз су тарифтері жоғары. Кейбір өңірлерде ол әр текше метр үшін 500 теңгеге дейін барады. Сенаторлардың оның құнын төмендету үшін шығындардың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алуы керек деп отыр. Тақырыпты әріптесім Айя Мүтәлі тарқатады.

Ел аумағында ауыз судың игілігін көре алмай жүрген елдімекендер де есеп жоқ. Тіршілік көзі бар болған күннің өзінде, су тарифының бағасы аспандап тұр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы аудандарда орташа тариф құны 170 теңгеден 500 теңгеге дейін барады екен. Жергілікті билік қолдан келгенше, оның бағасын арзандатып отырмыз, деді.

Бейімбет МУСИН, БҚО ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Халыққа судың құнын арзандату үшін 30-40 теңге субсидия суберушілерге беріп тұрады. Қазіргі уақытта субсидия алатын елдімекендер 1 текше метр судың бағасы бойынша 30 теңге есептегіш құралдары барлар, есептегіш құралдары жоқтар 40 теңгеден төлейді. 2020 жылы қосымша 32 ауылдық елдімекенге тапсырыс берген едік. Енді қазіргі уақытта сол тізім қарастырылуда.

Елдімекендердегі ауыз су тарифтерінің қымбаттығына сенаторлар да алаңдайды. Олар баға қаладағыдан да жоғары дегенді алға тартты. Оған әуелі ауылдардың географиялық жағдайы мен ондағы халық санының аздығы себеп екен. Ал су тарифтерін төмендету үшін шығындардың басым бөлігін мемлекет өз мойнына алу керек деп отыр. Депутаттар осылайша тарифті республика бойынша бекітілген ең төменгі төлем құнына дейін түсіруді ұсынады. Ал ол 15 теңге.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Депутаттар бастамашылық жасаған осы заң ауылдық жерлерді сумен жабдықтау мәселелерін шешу жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Ұсынылып отырған нормалар өңірлерді дамытуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіні айқын


Ауылда ғана емес, ауыз-су мәселесі қалада да өзекті. Қостанайлықтар қанша жылдан бері сапасыз ауыз судың әлегінен құтыла алмай келеді. Мұнда су тазартатын нысандардың қуатын еселеуден бұрын, ескіні жаңғырту мәселесі туып тұр. Жергілікті билік оны алдағы 2 жылда шешеміз деді. Онда да республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе.   

Еркебұлан ФАЙЗУЛАЕВ, «ҚОСТАНАЙ СУ» МКК ДИРЕКТОРЫ:

Қостанай қаласындағы 100 мың текше метр су тазартатын нысанды жаңғыртуға және қалыпқа келтіруге 8 миллиардқ тьеңгеге жуық қаражат қажет. Биыл сол сомманың 1 миллиард теңгеден астамы бөлінуі тиіс. Жоба аясында жаңа блок салынып, цифрландыру элементтері мен автоматтандырылған озық технология енгізіледі. Нәтижесінде түбегейлі тазартылған әрі сапалы су беріле  бастайды.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Бұдан бөлек, сенаторлар бүгін жылжымайтын мүлік құжаттарын уақытылы тіркемегендерге арналған әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды ұсынды. Яғни, бұдан былай тіркеуді кешіктіргендер жазаға тартылмайды. Айыппұл төлемейді. Сонымен қатар, жер учаскесін рәсімдеу мен жылжымайтын мүлікті тіркеу де айтарлықтай жеңілдетіледі.

А. Мүтәлі