Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қыс қатайғалы бері аймақтарда өрт өршіп тұр

AstanaTV
18.01.2021ж. 20:00
1670
Қыс қатайғалы бері аймақтарда өрт өршіп тұр

Қыс қатайған сайын аймақтарда өрт өршіп барады. Әсіресе пешпен отырған жер үйлерде өрт көп. Күні кеше ғана Алматыда екі адам ыс тиіп көз жұмды. Ал, Тобыл өңірінде жылу маусымы басталғалы бері 16 адам қайтыс болған. Құтқарушылардың айтуынша, өрттің негізгі себебі - қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы.

Қайғылы жағдай сенбі күні Түрксіб ауданындағы үйлердің бірінде болған. 26 және 29 жастағы екі жігітке ыс тиіп көз жұмды. Алматылық мамандар жылу қазандығының мұржасында ақау болғанын айтады.

Бағдан ОМАРОВ, АЛМАТЫ қ. ТҮРКСІБ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:


Төтенше Жағдайлар Департаменті пультіне үйдің ішінен екі адамның мәйіті табылғаны бойынша ақпарат келіп түсті. Тексеру барысында көріп тұрғандай қазандықтың мұржамен қосылған жеріндегі герметикалық жалғану дұрыс болмағандықтан ақау байқалып бөлменің ішіне улы газдың шығуы себеп болды.

Департамент қызметкерлері, пештен кеткен ақауды былтыр қазан айында анықтап, үй иелеріне ескерту жасапты. Бірақ, пеш мұржасына бекiткiш сол беті орнатылмаған. Осының салдарынан бөлмеге көмip тегi oксидi жайылып, екі адамның өмірін жалмады. Жалпы, алып шаһардағы 145 мыңнан астам үйдің пеші «қауіпті» деген қара тізімде тұр екен.

Тобыл өңірінде де иіс тиіп адам қайтыс болды. Қайғылы оқиға қаңтардың он бесі күні Қарабалық кентінде тіркелді. Анасы көршілерінен көмек сұрауға кеткенде, екінші топтағы мүгедек баласы түпкі бөлмеде түтінге тұншығып қалған.

Әлжан ҚАДЫРЖАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ  ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:


Отты абайсыз пайдалану. Яғни от қызып, жанғыш материалдар сол пештен қызып өрт пайда болған. Бұл факті бойынша аталған материал  Қарабалық аудандық полиция басқармасына жолданды.


Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер ес-түссіз жатқан еркекті дереу далаға шығарған. 47 жастағы кент тұрғыны жансақтау бөлімінде жан тапсырды.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Департамент  деректеріне жүгінсек жылу маусымы басталғалы Тобыл өңірінде 338 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 28 пайызға артық. Облыс бойынша  16 адам қызыл жалын құрбаны болған.


З. Санай, Ә. Лесбек