Тараз тұрғыны емделемін деп көзінен айрылды. Патма Мақсұтова сол көзінің ағып кеткеніне ақ халаттыларды кінәлайды. Ал, көз емдеу орталығындағылар кінәрат бізден кетпеді ол жарының соққысынан соқыр болып қалды деп ақталып отыр. Жанарынан айрылған нәзік жанды енді жарынан да барынан да айрылып, өмірім күл талқан болды деп күйініп отыр.
Патма Мақсұтова ақ халаттылар өмірімнің тас-талқанын шығарды деп ашулы. Айтуынша, сол көзі бұлдырап, көру қабілеті нашарлап кеткеннен кейін көз емдейтін жеке клиникаға барыпты. Ондағылар тексеріп, құны 115 мың теңге болатын дәрісін салуды ұсынған. Әйтпесе көзің мүлде көрмей қалады деген соң, келістім дейді. Дәрігерлер екпе салып, 10 күннен соң келесің деп үйіне жіберген. Алайда келесі күні таңертең жанарында қара дақ пайда болып, көзінен қоймалжың сұйықтық аға бастағанын жеткізді. Сосын бірден дәрігерлерге хабарласыпты.
Патма МАҚСҰТОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көзімді көргенде дәрігерлер қатты қорқып кетті. Сосын жалғыз өзімді жеке палатаға жатқызып қойды. Мен олардың өз араларында инфекция деп жатқанын анық естідім. Мейірбикелер палатаны жиі тазалап отырды, ешкімді кіргізген жоқ. 28 күн ішінде көзіме 150-ге жуық дәрі салды.
Мұнымен іс бетпеген, ауруханадан шыққан соң арада апта өтпей сол көзім мүлде көрмей ағып кетті,- дейді. Ол болған жайтқа емхана дәрігерлерін айыптап отыр. Ал, ақ халаттылар болса мұнымен келіспейді. Олар науқасты жары соққыға жыққан деп отыр. Сондай-ақ, қант диабетімен ауыратыны да себеп болған деген болжамын қосты.
Бақыт ДОСЖАНОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӨЗ ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Бүкіл рекомендация берілген. Егерде қандай жалоба болса бірден обращение жасау керек. 9 нан 15 дейін бұл жерге ешқандай обращение жасамаған. Бәрі жақсы жағдайда ондай инъекциядан кейін олар 10 күннен кейін келіп плановый осмотрға келеді. Ол ешқандай да обращение жасамай обращениесіз ол имменно жаңағы алған соққыларынан болып тұр.
Патма осы жағдайдан кейін адвокат жалдап, полицейлерге арыз түсірген. Осыдан соң бірнеше сараптамалар тағайындалыпты. Қазір тәуелсіз сарапшылар келеңсіздікке дәрі әсер етті ме, әлде қатты соққының салдары болды ма соны анықтап жатыр.
Б. Жұмабайұлы