Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға 647 млн теңге бөлінбек. Демек, олар бюджет қаржысы есебінен қайта даярлықтан өтеді. Мұндай норма бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қаралды. Парламенттің төменгі палатасы қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігін арттыру мәселелеріне өзгеріс енгізбек.
Мәжілістің бүгінгі жиыны сын мен ескертпеге толы болды. Әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту жайлы ұсынысымен келген Экономика министрі Әсет Ерғалиев депутаттардың сауалына тосылып, жауап бере алмай қалып жатты. Тіпті, Мәжіліс спикері 3 рет қойған сауалына лайықты жауап ала-алмай, ақыр-аяғы өзі жауап беруіне тура келді. Даудың басы ауылдық биліктің дербестігін қамтамасыз етуде болып отыр. Депутаттардың пікірінше заң жобасын іске асыру тетігінде шикілік көп.
Жаңа жобада мәслихат депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзетулер қарастырылған. Әсет Ерғалиевтің айтуынша, мәслихаттағыларды оқыту бастапқы екі жылда қамтылады. Ал біліктілікті арттыру мемлекеттік басқару академиясында жүргізілмек. Бұдан бөлек, Мәслихат сессиясы төрағасының қызметін таратып, оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру ұсынылды. Министр осылай жергілікті бюджеттік рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік туатынына сенімді.
Әсет ЕРҒАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Бюджетті нығайту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бюджеттің төртінші деңгейге қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру ұсынылады. Сонымен қатар, ауылдық округтер әкімі аппаратының резервін құру жоспарланған. Бұл қаражат жергілікті қоғамдастықтың бастамасы бойынша кезек күттірмейтін шығындарға бағытталмақ.
Министр заң жобасының шикілігінен бөлек, мемлекеттік тілді меңгермегені үшін де депутаттардың сөгісіне қалды. Мәжілісмен Берік Дүйсенбинов Әсет Ерғалиевке шүйлікті. Ол қазақ тілінде қойылған сұрақтарға лайықты жауап бере алмайтын адамның лауазымды орынға жайғасқанын сынады. Келесі жиындарда осы олқылықтың орнын толтыруды талап етті.
Иә ескертпелер айтылды, толықтырулар тез арада енгізілетін болып келісілді. Әйтсе де, депутаттар заң жобасындағы өзгерісті бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.
Ғ.Өтемісов