Көктемдегі судан республика бойынша 276 елді-мекенге қауіп бар. Бұл туралы бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Мамандар қауіптің алдын алу шараларын бастаған. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 36 млрд теңгеден асатын қаражат қарастырылып отырғанын жеткізді. Қазірдің өзінде зардап шеккендерді уақытша орналастыратын 3 мыңнан астам пункт пен үй жануарлары үшін қауіпсіз орындар анықтаған.
Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Орталықтағы облыстар, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Қызылорда облысын қауіпті аймақ деп айтуға болады. Қауіпті аймақтар саны, былтырғымен бірдей. Қазір бұл өңірлердің барлығын бақылауда ұстап отырмыз. Әзір қауіп жоқ.
Ибрагим Күлшімбаев, тасқынмен күреске 10 мыңнан астам құтқарушы сақадай сай тұрғанын айтады. Тіпті жүзу құралдары, мотопомпалар да дайын көрінеді. Зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялауға «Қазавиақұтқару» тікұшақтары жұмылдырылмақ.
Ә. Өмірзақ