Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда аудан әкімінің орынбасары қызметінен қуылды

AstanaTV
10.02.2021ж. 20:00
1812
Павлодарда аудан әкімінің орынбасары қызметінен қуылды

Павлодарда аудан әкімінің орынбасары қызметінен қуылды. Шенеунік облыс орталығында ішімдік ішіп, көлік жүргізген. «Nissan Patrol» автокөлігін басқарған 39 жастағы Шарбақты ауданы әкімінің орынбасарын көшеде тәртіп сақшылары тоқтатқан. Әнуар Қаңтаев бастапқыда өзінің қызмет орнын жасырмақ болыпты. Кейін тексере келе оның жымысқы әрекеті әшкереленген. Сот 7 жылға көлік жүргізу құқынан айырып, 15 тәулікке қамады. Ал жүгенсіз орынбасардың әрекетін қараған аймақтың әдеп жөніндегі кеңесі, оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған. Әнуар Қаңтаев 14 жылдан бері мемлекеттік қызметте түрлі лауазымды атқарған. Аудан әкімі орынбасары орынтағына өткен жылы ғана тағайындалғаны белгілі болды.

Ержан ҚАРЫМСАҚ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:


Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Қаңтаев Әнуар Құдайбергенұлына қатысты әдеп ісін бұзғаны үшін тәртіптік іс қаралды. Кеңес мүшелері көпшілік дауыспен аудан әкіміне Әнуар Құдайбергенұлына қатысты атқарып отырған лауазымына тәртіптік жаза қолданылып, нәтижесінде аудан әкімінің өкіміне сәйкес, лауазымынан босатылды.


Естеріңізге салайық, бұл аймақ шенеуніктерінің алғашқы тәртіпсіздігі емес. Өткен жылы жол сақшылары  удай мас күйінде көлік басқарған Май ауданына қарасты Ақжар ауылының әкімін де ұстаған болатын. Ол жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлікпен Курчатов қаласына барған. Әдеп жөніндегі кеңес, сол кезде ауыл әкімін де жұмыстан босатқан болатын.

Ө.Қуанар