$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Балабақшада балаларды ұру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
12.02.2021ж. 20:00
4846
Балабақшада балаларды ұру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Оралдағы балабақша тәрбиешісінің, бөбектерді ұрғаны дәлелденсе, жауапқа тартылуы мүмкін. Қазір бұл істі полиция тергеп-тексеруде. Қылмыстық іс қозғаған. Баласы жәбір көрген ата-аналар, тәрбиешіні қатаң жазалауды талап етіп отыр. Оқиғаның жай-жапсарын аймақтағы тілшіміз тарқатады.

Бұл - былтыр күзде бейнебақылау камерасына түсіріп қалған кадрлар. Мұнда тәрбиешінің бөбектерді желкесінен түртіп жүргені байқалады. Кейін ол шектен шықты, дейді ата-аналар. Балаларға зәбір көрсетуді жиілеткен.

Наталья КОФЕЙНИКОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балам соңғы кезде тұйық болып кетті. Не болғанын сұрасам, апайымыз ұрады деп әрең айтты. Айтуынша, бір баланы дәретханаға қамап қойған. Енді біреуін қараңғы бөлмеде ұстапты. Сұрастыра келгенде сегіз баланы ұрғаны анықталды.

Осыдан кейін ата-аналар балабақша меңгерушісінен мән-жайды анықтамақ болады. Бірақ мұнысынан нәтиже шықпаған. Амалы таусылған ата-аналар балаларын басқа балабақшаға жаппай ауыстыруға мәжбүр болыпты.

Ирина ИЗГИЛОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ұлыма лазерлі қолшамның жарығын түсіріпті. Мұны өздерінше ойын ретінде түсіріп, алдарқатуға тырысыпты. Кейін басқа балабақшаға барған балам «мұнда бізді ұрмайды», - деп қуана айтып келді.

Ашуға мінген ата-аналар болған оқиға ізімен полицияға арызданыпты. Қазір осы шағым негізінде қылмыстық іс қозғалған.

Диляра САТАРОВА, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:


Абай полиция бөлімімен Қылмыстық Кодекстің 140-шы бабы, 2-ші бөлімі бойынша «Кәмелет жасына толмағандарды тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін» қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты басқа ақпарат айтылмайды.

Тәрбиешісі істі болған балабақша меңгерушісінің қазір телефоны өшірулі. Ата-аналарға уатсап желісі арқылы, жәбір көрген балалардың тобы жабылғанын хабарлапты. Ал тағылған кінә дәлелденсе, жауапты тұлғалар 161 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Ата-аналар болса, тәрбиешінің жұмыстан қуылуын талап етіп отыр.

Е. Карин