$498.34 €519.72 ₽4.85
×

30-дан астам адам «Ирма» дауылының құрбаны болды

AstanaTV
11.09.2017ж. 20:00
2350
30-дан астам адам «Ирма» дауылының құрбаны болды

«Ирма» дауылы қаһарына мінді. АҚШ-тың Флорида штатына дейін жеткен екпінді жел үйлерді құлатып, ағаштарды тамырымен жұлып кетті. Үш миллионнан астам үй жарықсыз отыр. Бұған дейін Кариб бассейнінде 28 адамның жан тапсырғаны хабарланған. Бүгін тағы төрт адам ажал құшқаны туралы ақпар тарады. Билік өкілдері алты миллиондай адамды қауіпсіз жерге көшірген. Сарапшылар пікірінше, "Ирмадан" келген шығын көлемі 200 миллиард доллардан асып отыр. Әлем  халқын үрейлендірген жойқын апат жайында тілшіміз әңгімелейді.

Америкада жауын-шашын толассыз жауып жатыр. Толқындардың биіктігі 4,5 метрге дейін жеткен. Бірнеше сағаттың ішінде Майами штатының жартысына жуығын су басты. Қала көшелері кішігірім өзенге айналған. Жылдамдығы сағатына 200 шақырымды құрайтын дүлей дауыл электр сымдарын үзіп, ағаштарды тамырымен жұлып кетіп жатыр. Тұрғындардың абыржып, қаша жөнелгенін пайдаланған ұрылар үйлерді тонауға кіріскен. АҚШ президенті Дональд Трамп Флорида штатын апат орны деп жариялады. Зардап шеккен аудандарды жедел аралап шығуға уәде етті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Біз жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Сорақысы сол - бұл кәдімгі монстр. Бірақ, біз қайтсек те төзімділік танытамыз деп ойлаймын. Дауылдың жолында адам аз болады деп үміттеніміз.

Ал бұл Куба елі. "Ирма" мұнда бір тәулік бұрын ойран салып өткен.

Биіктігі 9 метрлік алып толқындар айналаны жайпап тастады. Ел астанасы Гавананың басым бөлігін су басқан. Кейбіреулер қайықпен қатынаса, енді бір тұрғындар жүзіп жүруге мәжбүр. Жергілікті халық табиғаттың мұндай қатал мінезін бірінші рет көргендерін айтады. Бүгінде дауылдың беті қайтқан. Билік енді тасқынның салдарын жоюға кірісті.

Сония Ронда, Гавана тұрғыны:

Өткен түні үйіміз суға толып кетті. Оны шелектеп шығаруға тура келді.

Ал Тампа қаласы тұрғындарының дауылға еті үйренген сыңайлы. Атқамінерлер бұқараны тынымсыз ескертумен әлек. Ал, тұрғындар пана іздеуге асықпай отыр. Олар өзіңнің үйін ең қауіпсіз жер деп санайды.

Алвин Куорлз, Тампа қаласының тұрғыны:

Аса уайымдап тұрғаным жоқ. Бұл мен көрген бірінші дауыл емес. Желдің екпіні қатты. Бірақ онша қорқынышты емес. Аман-сау өтеміз деп ойлаймын.

Табиғи апатқа байланысты әлемнің бірнеше еліне қатынайтын 12,5 мың әуе рейсі тоқтатылған. АҚШ-тың төрт азаматы дауылдан ажал құшты. Ал Кариб елдерінде 28 адам бақилық болған. Синоптиктердің мәліметінше, қазір «Ирма» Флорида штатының батысындағы Марко аралына қарай бет алды. Абырой болғанда, дауылдың екпіні сәл бәсеңдей түскен көрінеді.  Ал сарапшылар қос дауылдан келген шығынды 290 миллиард долларға бағалап отыр.