Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Перзентханалардың маңына тастанды сәбиге арналған «жәшік» орнату жайы тағы көтерілді

AstanaTV
15.03.2017ж. 20:00
2766
Перзентханалардың маңына тастанды сәбиге арналған «жәшік» орнату жайы тағы көтерілді

Перзентханалардың маңына тастанды сәбиге арналған «жәшік» орнату. Мәжіліс депутаттары бүгін осы мәселені тағы көтерді. Өйткені жаңа туған шарананы тастап кету оқиғалары көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Палатаның жалпы отырысында мәжіліс қатарына енген «су жаңа» депутаттардың қай комитет құрамына мүше болғаны анықталды. Мұнан өзге де маңызды мәселелер қаралған жиыннан Дәуренбек Бағдәулетұлы әңгімелейді.

Бас прокуратураның ақпарына сүйенсек, былтыр бауыр еті баласын әжетханаға немесе қоқыс жәшігіне тастау, көлік терезесінен лақтырып жіберу сияқты 15 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал биылғы 3 айда 8 оқиға тіркеліпті. Депутаттар осы ретте тастанды шараналар үшін арнайы «жәшік» орнату мәселесін тағы көтерді.

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Көптеген батыс елдері аурухана маңынан орналастырған жәшіктерінің арқасында мыңдаған нәресте өмірін аман сақтап қалды. Қара суықпен ит құстың жемітігіне айналғанша, үміт бесігі тығырықтан шығар амал ма дерсің? Ел болам десең, бесігіңді түзе, дейді халқымыз. Қауіпті індетке айналып бара жатқан бұл індетке тоқтау салып, мемлекеттік дәрежеде кешенді іс-шара қабылдайтын мезгіл жетті.

Мәжілісмендер еліміздің барлық аймақтарында осындай жәшіктер орнату бастамасын екі жыл бұрын көтерген. Мәселеге денсаулық сақтау министрлігі араласып, мүмкіндіктерді зерттеген еді. Алайда, мұндай жаңашылдық, Неке және отбасы заңына қайшы келетіндіктен, бастама аяқсыз қалған.

Мәжілістің бүгінгі жиынында жуырда сайланған депутаттардың орны да айқындалды. Серік Сәпиев «әлеуметтік-мәдени даму» комитетінің құрамына енетін болды. Мәжілісте «әлімжеттік пен күш көрсету жоқ» деп қалжыңдаған Альберт Рау «қаржы және бюджет» комитетіне мүше болды. Ал, Инвестициялар және даму министрі көктемде су тасқыны болса да, былтырғыдай темір жолдар мен көлік жолдарына бөгет болмайды деп сендірді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Солтүстік жақ, мына Ақмола облысы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодарда жұмыстар өткізіп жатырмыз. Біздің ойымызша, осы мезгіл дұрыс өтеді деп санаймыз.

Тағы бір топ мәжілісмен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа депутаттық сауал жолдады. Олардың дерегінше, мыңдаған қазақстандық «онлайн» несие беруші компанияларға қарыз. Жылдық үстеме пайызы жаға ұстататын қаржы ұйымдары да жұртты шырмап алған. Депутаттар қарыз бергіштердің көптігіне алаңдаулы. Айтуларынша, халықты қызықтыратын несие беруші мекемелердің күндік пайызы 1,5-2, ал жылдық  үстем ақысы 1000 пайыздан асып жығылады.

Артур Платонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Мұндай компаниялар банк туралы заңнамаларға бағынбайды. Ұлттық банктің қаржылай реттеуіштік ролі де оларға жүрмейтін секілді. Несие 20 жастан асқандарға  беріледі. Бір ғана құжат болса, жеткілікті деп, халықты қызықтыруда. Салдарынан қыруар қарызға батқан тұтынушылар, қаржысын қайтара алмайтын компаниялар саны күн санап артып келеді. Қос тарап арасындағы келісімшарт тым бұлыңғыр жасалған. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Шағын қаржы ұйымдары, қарыз алушының алған ақшаны қайтаруға қауқары бар ма, жоқ па дегенді де анықтамайды екен. Қарыз ақша ұялы телефон арқылы «онлайн» режимде де берілетіндіктен, борышкерлер арасында жастардың да көп болуы мүмкін. Депутат сауалдың жауабын заңмен белгіленген тәртіптен кешіктірмей, жедел арада жолдауын өтінді.