Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Астанада үш күннің ішінде 30 қару тәркіленді

AstanaTV
15.03.2017ж. 20:00
3554
Астанада үш күннің ішінде 30 қару тәркіленді

Астанада үш күннің ішінде 14 адам әкімшілік жазаға тартылды. Олар азаматтық қару түрлерін сақтау талаптарын дұрыс орындамаған. Тәртіп сақшылары сондай-ақ тіркеуде тұрған 30 қаруды тәркіледі. Бұл «Қару-2017» жедел алдын алу шарасының нәтижесі. Толығырақ Елдос Сапарғали баяндасын.

Астанада 14 мыңдай адамның қару сақтауға ресми түрде рұқсаты бар. Алайда олардың барлығы бірдей суық қаруды сақтаудың арнайы талаптарына баса мән бермейтін көрінеді. Биылғы 13-ші наурызда бастау алған «Қару-2017» жедел алдын алу шаралары осындай азаматтарды анықтауды мақсат еткен.

Бағлан Қазбеков, Астана қалалық ІІД азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасау бөлімінің басшысы:

Сейфтің талаптары бар өзінің. Үш милиметр болу керек. Дабыл беретін қондырғы болу керек. Және заңда көрсетілген қарумен бірге басқа заттарды сақтауға болмайды. Мысалы, кейбір кісілер құжаттарды қойып қояды ғой, бағалы заттарды. Олай болмайды.

Тіркеуде жоқ қару-жарақтарды ерікті түрде өткізу мәселесі де бар. Сақтау талаптарымен қатар полиция қызметкерлері халық арасында осы жайлы да насихат жүргізуге кіріскен. Қазірде қала бойынша 11 азамат өз еркімен қару өткізген. Өткен жылы мылтық пен тапаншаларын өз еркімен әкеліп берген азаматтарға жалпы көлемі 2 миллион теңгеден астам ақша бөлініпті. Өтемақы ретінде берілетін қаражаттың көлемін арнайы комиссия бекітеді.  

Бағлан Қазбеков, Астана қалалық ІІД азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау жасау бөлімінің басшысы:

Мысалы, криминалистер жазып береді - мына жері мынадай, мына жері сынған немесе идеальный десе, онда бағасы көптеу болады. Тағайындалған сома бар, соның жүз пайызын береді. Критерий дейді ғой, 70-50 пайыз беріледі.

Қаруды қауіпсіз жерде сақтағысы келгендер, мылтық пен тапаншаларын дәл осындай күзет компанияларында қалдыра алады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықтарда қауіпсіздік үшін барлық жағдай жасалған.

Бауыржан Бекболатов, қару инспекторы:

Бұл қару сақталатын бөлме. Мұнда жеке күзет фирмалары мен осы салаға қатысты заңды тұлғалардың қарулары барлық талаптарға сай сақталады.

Жалпы мамандардың айтуынша, еліміз бойынша заңсыз қару сақтау көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Бұл бірінші кезекте қылмыстың алдын алуға бағытталған шара дейді тәртіп сақшылары.

Елдос САПАРҒАЛИ