Негізгі / Жаңалықтар / «Жалған терроризм» үшін сотталған мұғалім Юрий Пактің ісі қайта тексеріледі

«Жалған терроризм» үшін сотталған мұғалім Юрий Пактің ісі қайта тексеріледі

Қарағандыда «жалған терроризм» жасады деген айып тағылып, сотталған мұғалім Юрий Пактің ісі қайта тексеруге жіберіледі. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы осындай қаулы шығарды. Істің қайта қаралу-қаралмауы тергеуші мен прокурорлардың тексерісінен кейін шешіледі.

Рашид Нұрмағамбетов, Қарағанды облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы:

Қорғаушы іске қатысты жаңа деректер пайда болғанын айтты. Сот оның өтінішін ескеріп, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 499 бабының 2 бөлімі, 4 пунктіне сәйкес материалды прокуратураға тергеп, тексеруге жібереді.

Еске салсақ, қарағандылық мұғалім Юрий Пак өткен жылы қарашада «Террористік акт туралы көрінеу хабарлау» бабымен айыпталып, екі жылға сотталған. 2015 жылы сәуірде 102 нөміріне оның ұялы телефонынан "дүкенге бомба қойылды" деген мағынада хабар түскен. Тергеу барысында сарапшылар аудиожазбаның сотталушыға тиесілі екенін анықтады. Бүгінгі сотта Пактің қорғаушысы Сергей Ким істі қайта қарауды сұрады. Өйткені Ресейде жасалған сот сараптамасы жалған хабар шалған адамның дауысы Юрий Пактің даусына сәйкес еместігін анықтаған. Енді Қазақстанның Бас прокуратурасы ресейлік әріптестеріне өтініш жолдап, тәуелсіз сот сараптамасы қайта жасалуы тиіс. Сонда ғана бұл дәлел ретінде қаралады.

Ольга Пак, Юрий Пактің зайыбы:

Сарапшылар қоңырау шалушының мәдениеті төмен, қылмыстық ортадан екенін көрсетіп отыр. Менің күйеуімде ондай белгілер анықталмады. Әділдік орнап, оның кінәсіздігі дәлелденеді деп үміттенемін.