Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Микроқаржылық ұйымдардың өсімпұлды жосықсыз арттыруына тыйым салынбақ – Парламент

AstanaTV
03.03.2021ж. 20:00
1875
Микроқаржылық ұйымдардың өсімпұлды жосықсыз арттыруына тыйым салынбақ – Парламент

Елде микроқаржылық ұйымдардың өсімпұлды шектен тыс арттыруына тиым салынбақ. Бүгін Мәжілісте «Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Мұндай қадам қаржылық қызметтерді реттеп, тұтынушылардың құқығын қорғауға сеп болмақ. Несие құрдымынан құтылу тетіктері жайлы әріптесім Ғалымжан Өтемісов тарқатады.

Қарыз алу оңай, қайтару қиын. Бұл – борышкердің ахуалын жақсы суреттейді. Елордалық Нұрбек Қуандық коллекторлардан құтыла алар емес. Бір қызығы - борышкер оның досы екен. Алайда, бәз біреулер өзі алмаса да, жақынының берешегін еске салып, маза бермейді,-дейді елордалық азамат.

Нұрбек ҚУАНДЫҚ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Досым кредит алып еді, мені гарант ретінде тіркеген. Қарызын өтей алмағанынан маған коллекторлар көп хабарласады. Күніне 4-5 рет десем артық айтпаймын. Аяқ басып жүру мүмкін болмай қалды.

Қарыз өндіруші құрылымдар небір сұмдыққа баратын көрінеді. Тіпті, борышкерді ғана емес, тамыр-таныстан бастап, туысқа дейін қоқан-лоққы жасайтындары да бар. Заңгерлер, мұндай қадам заңсыз екенін алға тартады. Ол үшін ұйым өкілдері жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.

Мәулен ОСПАНҚҰЛОВ, ЗАҢГЕР:

Коллекторлар сіздердің ақшаларыңызды, машиналарыңызды тартып аламыз деп қорқытуы мүмкін. Бірақ, оларға сенбеу керек. Үй мен мүлікті тек ғана сот шешімі арқылы ғана, оның өзінде сот орындаушылары арқылы ғана алуға болады.

Мұндай сорақылықтарға жол бермеу жолдары енгізілген құжатты, бүгін мәжілісмендер қарады. Құжат мақұлданса, енді қаржылық несие ұйымдары өсімпұлды жосықсыз арттыра алмайды. Тіпті коллекторлардың борышкерден басқа азаматтармен байланысуын шектеу де қарастырылмақ.

Аманжан ЖАМАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Коллекторлық ұйымдардың жосықсыз әрекеттеріне жол бермеу үшін, бірнеше ұсыныс қарастырылған. Коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салу, борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау процесін бейне-аудио тіркеу міндетін белгілеу, коллектордың үшінші тұлғалармен өзара іс-қимылын шектеу ұсынылып отыр.

Сондай-ақ ипотекалық қарыздардың барлық түрлері бойынша 180 күннен кейін, мерзімі өткен сыйақылар мен комиссияларға тыйым салынатыны айтылды. Депутаттар егер құжат қабылданса, азаматтардың борыштық жүктемесі едәуір азаятынына сенімді.

Ғ. Өтемісов