Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

БҚО тұрғындары кімнен көмек сұрарын білмей отыр

AstanaTV
04.03.2021ж. 20:00
2118
БҚО тұрғындары кімнен көмек сұрарын білмей отыр

«Қазпошта» мекемесінде қолды болған қаржының қайда кеткенін, енді Батыс Қазақстан облысының экономикалық тергеу департаменті тексереді. Бүгінде бұл іске қатысы бар қызметкерлер, жұмыстан шеттетілген. Өңірдегі Дариян ауылының тұрғындары, поштадағы жинақ ақшасынан айрылып қалған. Әзірге қанша қаржының жымқырылғаны белгісіз.  

Бала кезден мүгедек Зоя әжей қазір 81 жаста. Зейнетақысынан артылған азын-аулақ ақшаны көз жұмсам, жерлеу рәсіміне керек болар деп тірнектеп жинаған. Қолда бар қаржысынан бір күнде айрылған шейнеткер енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

Зоя ГАРЬКУШИНА, ДАРИЯН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Олай-бұлай болып кетсем, көмуге керек болар, артымда қалғандар қиналмасын деп жинаған 200 мың теңгем біреуге бұйырды, қайтейін? Поштадағылар ешкімге ештеме айтпаңдар, бәрін түгел қайтарып береміз деп сендірді. Бірақ бүгін-ертең олай-бұлай болып кетсем, мені кім жерлейді? Сондықтан ақшам маған қазір керек.

Александр ақсақал да жинаған ақшасы кімнің қолында кеткенін білмейді. Айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын депозитке салған 100 мың теңгесін әлдебіреу түгелдей шешіп алған. Сол жұмбақ жан, өзінің орнына қағаздарға қол да қойыпты.

Александр СЫРКИН, ДАРИЯН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Поштадағылардың былығы көп. Мысалы, зейнетақыға қосылған үстемеақыны түгел бермей қалады. Біреудің жерлеу рәсіміне жинаған ақшасын алып қойыпты. Тіпті былтыр пандемия кезінде көмек ретінде берілген 42 500 теңгені де өздері иеленген. Осы жәрдемақыны сұрап келгендерге сізге көмек берілген жоқ, деп талайды кері қайтарды.


Әзірге қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Сондай-ақ құмға сіңген судай жоқ болған қаражаттың көлемі де айтылмай отыр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:


Бүгін тұрғындар түгілі ауылдағы жергілікті шіркеудің де жинақ ақшасы жоқ болғаны анықталды. Шіркеу қызметкерлерінің сөзінше, жинақтағы 500 мың теңге қолды болыпты. Олар бұл ақшаны жексенбілік мектептің құрылысына жұмсауды көздеген екен. Енді ақша да жоқ, құрылыс та тоқтап тұр.


«Қазпоштаның» облыстық филиалы тұрғындардың ақшасы қолды болғанын растады. Бүгінде бұл іске қатысы бар қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, материал құзырлы органдарға жіберілген.

Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА,  БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Бәйтерек аудандық полиция бөліміне «Қазпоштадан» қаржы жымқыру бойынша екі арыз түскен болатын. Бұл арыздар мен барлық материалдар жинақталып, қазіргі таңда экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Бүгінде «Қазпоштаның» облыстық филиалында ішкі қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Мекеме өкілдері егер тұрғындардың ақшасынан айрылғаны дәлелденсе, ұрланған қаражатты толығымен қайтарамыз деп отыр.

Е. Карин