Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Бюджет қаржысына салынған жалғыз коммуналдық базар жекеге берілмек

AstanaTV
04.03.2021ж. 20:00
2633
Бюджет қаржысына салынған жалғыз коммуналдық базар жекеге берілмек

Атырауда бюджет қаржысына салынған жалғыз коммуналдық базар, жекеге берілмек. «Сарайшық» базары осыдан алты жыл бұрын ортақ қазынадағы 1 млрд 400 млн теңгеге жуық қаражатқа салынған. Онда тұрақтандыру қоры мен жергілікті шаруалардың өнімдері сатылып келді. Енді қала атқамінерлері Үкіметтің арнайы қаулысы аясында сенімгерлікке басқаруға беруді жоспарлап отыр. Қалада тағы қандай нысандар жекеменшікке өтті? Олар тиімді жұмыс істеуде ме? Сауалдарға жауапты өңірдегі әріптесім іздеп көрді.

300 орындық сауда орны мен қоймасы бар, «Сарайшық» коммуналдық базарына осымен үшінші рет тендер жарияланды. Алғашқы екеуінде кәсіпкерлер еш қызығушылық танытпапты. Үшіншісінің қорытындысы осы наурыз айының ортасында белгілі болмақ. Жаңа қожайын «Сарайшықтың», 51 млн теңге кредиторлық берешегін өтеуі тиіс. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау міндеттелген. Өйткені коммуналдық базар пайдалануға берілгеннен кейін екі рет өртенген еді.   

Руслан ДӘУЛЕТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Сарайшық барлық мүлкімен тапсырылады. 5 жылға болашақта сатып алу құқымен сенімгерлікке беріледі. Сенімдерлік басқаруға алған мекеме сатып алғанша коммуналдық базар ретінде қалдыру керек. Жергілікті тауар өндірушілерге, әлеуметтік әлсіз топтарға, сондай-ақ жаңа іс бастаған кәсіпкерлер үшін жеңілдік орындар ұсынуы тиіс. Сондай-ақ  бағаны тұрақты ұстап тұру – басты талап.


Алайда бұл хабар коммуналдық базарда нәпақа тауып жүргендерді алаңдатып қойды. Олар нысан жекеменшікке өткен жағдайда, кәсіпкер орынды жалға алу құнын қымбаттатады да деп қауіптенеді. Ал жергілікті шаруалар егін піскен кезіне дейін сауда орны сақталатынына күмәнмен қарайды.

Райгүл ЖАРЫЛҒАСЫНОВА, КӘСІПКЕР:


Бізге осылай қалғаны жақсы, өзімізге тиімді. Орынақымыз да тиімді. Жалға берілген соң қымбатсиды ғой.  Біздер 45 мыңның өзін әрең төлеп отырмыз. Осы коммуналдыққа сөздің шыны керек.

Ақкенже САТАШОВА, КӘСІПКЕР:

Жекеменшікке өтетін болса өзінің білгенін істейді ғой.  Орынақы қымбаттатуы мүмкін.  Оған байланысты біздер тауарды көтереміз ғой.

Қаласы меншігіндегі, жекеге өтетін бұл бір ғана нысан емес. Соңғы екі жылда 43 нысан сенімгерлік басқаруға берілген. Олардың ішінде саябақтар, жағажайлар, тіпті қаладағы 3 зират орын да бар. Басты талап -  тиімді пайдалану, - дейіі жауаптылар.

Гүлхан ҒАЛЫМЖАНОВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ҚАРЖЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ардагер мөлтек ауданындағы жылыжай мен қоймалар бір рет шығарылып тендерге 6 жылға сенімгерлік басқаруға беріліп, одан әрі сатып алу құқығымен тендерге шығарылды. Алайда қызығушылық  танытпағандықтан тендер өткізілмеді. Қазіргі таңда кері тендерге шығарылу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетейік, 300 млн теңгеден астам қаржыға салынған 3 полиция бекеті де қаңырап бос тұр. Оған да үш мәрте жарияланған тендер нәтижесіз болған.

Б. Нәдірқызы