Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

АҚШ Президенті Владимир Путинді "Кісі өлтіруші" деп айыптады

AstanaTV
18.03.2021ж. 20:00
2540
АҚШ Президенті Владимир Путинді "Кісі өлтіруші" деп айыптады

АҚШ Президенті күтпеген мәлімдеме жасады. Ақ үй басшысы Джо Байден, ресейлік әріптесі Владимир Путинді "кісі өлтіруші" деп айыптады. Ресей мен АҚШ қарым-қатынасы тағы да шиеленісе түсті. АҚШ басшысы Кремль 2020 жылғы сайлауға араласқаны үшін жауап береді деп қорқытты. Жағдайдың қиындығы соншалық, тіпті Ресей елшісі Анатолий Антонов кеңес алу үшін Мәскеуге шақырылды. Түйіткілдің түйіні қалай шешілмек? Тақырыпты әріптесім тарқатады.

Тартысқа толы ресейлік-американдық қарым-қатынас одан әрі ушыға бастады. Джо Байденнің ABC телеарнасына берген сұхбаты ресейлік ортада қызу талқыланып жатыр. Тележүргізушінің сұрақтарына жауап бере отырып, Ақ үйдің басшысы Владимир Путинді "кісі өлтіруші" деп санайтынын айтты. Алайда бұл айыптауға не түрткі болғаны нақтыланған жоқ.  

Күні бұрын американдық барлау қызметі баяндама жариялады. Онда Ресей 2020 жылғы сайлауда Дональд Трамптың жаңа мерзімге қайта сайлануына көмектесуге тырысқаны айтылған. Дегенмен барлаушылар Ресей Федерациясының Америка Құрама Штаттарының сайлау жүйесін бұзбағанын мойындады. Бірақ, шамасы осы ақпараттың өзі, Джо Байденнің, Владимир Путинді айыптауына сеп болған сыңайлы.  

Джо БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз ұзақ әңгіме өткіздік, мен оны өте жақсы білемін. Әңгіме басында мен оған сіз мені білесіз бе деп сұрадым. Егер де солай болса барлық сұраққа жауап беруге дайын болыңыз дедім.

Енді әдеттегідей, Вашингтон Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге ниетті. Ал Кремль бұл айыптауды негізсіз деп санайды.

Дмитрий ПЕСКОВ, РФ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Біз бұл баяндаманың біздің елге қатысты қорытындыларымен келіспейміз. Ресей алдыңғы сайлауға араласпады. Баяндама негізсіз деп есептейміз.


Қанша дау тудырғанымен, бұл сұхбатта жағымды мәселелер де қозғалған. Мәселен, АҚШ Президенті Мәскеу мен Вашингтон ортақ мүдделері бар салаларда әлі де ынтымақтаса алатындығын мойындады. Бірақ, бұл ынтымақтастықты қалай жүзеге асыру керек деген сұрақ туындайды, өйткені айыптау айтылған кезде дипломатия туралы сөз болмайды. Мәскеу енді алдағы жоспарларын пысықтауға кіріскен сыңайлы. Ол үшін Вашингтоннан тіпті Ресейдің АҚШ-тағы елшісі шақырылды. Кремльдің жауабы жақын арада жариялануы мүмкін.

Ғ.Өтемісов