Батыс Қазақстан облысында суға батқан жол талғамайтын көліктің иесі іздестіріліп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті, көлік жүргізушісінің әлі келмегенін айтты.
Бұл оқыс жағдай облыстың Ақжайық ауданындағы Қабыршақты ауылында болған. «Мицубиши Паджеро» мінген балықшылар түн жамылып Көшім арнасын кесіп өтуге бекінеді. Сол кезде мұз опырылып, көлігімен бірге суға батқан. Абырой болғанда, көлік ішіндегілер сыртқа шығып үлгірген. Кейін су түбіндегі тұлпарды жағаға шығаруға кіріскен құтқарушылар, мұз үстінде жүрген «УАЗ Патриот» маркалы көліктің де суға батып бара жатқанын байқапты. Көліктегі екі жолаушыны құтқарып алған төтеншеліктер олардың да балықшылар екенін анықтаған. Бірақ ол көлік әлі суда жатыр. Көлігін сол күйі тастап кеткен иесінен еш хабар жоқ, дейді құтқарушылар.
Бақытжан ИХСАНОВ, БҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қазіргі таңда «Уаз Патриот» автокөлігі жартылай мұз үстінде тұр суға батып. Автокөлікті судан тартып шығару үшін көлік иесі орнында болуы керек. Себебі құтқару бөлімшелеріне автокөлік иесі ешқандай кінә тақпауы керек. Қазіргі таңда Ақжайық ауданының полиция бөлімшесімен бірлесіп, иесі іздестірілуде.
Е. Карин