Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Үкімет мүшелері орнын сақтап қала ала ма?

AstanaTV
01.04.2021ж. 20:00
1995
Үкімет мүшелері орнын сақтап қала ала ма?

Билік басындағылар қазіргі қызметін әрі қарай атқара ала ма? Бүгін денсаулық сақтау министрі тағы да сынның астында қалды. Бұл жолы Президенттің өзі  Алексей Цойдың жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты. Мемлекет басшысы елге коронавирустың үшінші толқыны келуіне Үкіметті де кінәлайды. Бұдан бөлек, елде індет өршіп тұрған шағында қажетті дәрі-дәрмектен де тапшылық басталған. Кемшілік пен шикіліктен арылмаған министрлерге қандай жаза қолданылмақ? Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктегін тапсырмасы тағы жерде қалмай ма? Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр толықтырады.

Алексей Цой Президенттің сеніміне селкеу түсіргендей. Министрліктің ақпанда бастаған жаппай екпе науқанының жүргізілуін өте төмен деп бағалады. Иммундау деңгейі бойынша бірқатар елден артта қалғанын баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің берген есебіне қарап қажеттілік болмайды деп түйген. Бірақ, барлығы керісінше болып жатыр. Екі айдың ішінде халықтың тек 0,2 пайызы ғана иммундау курсын аяқтаған. Себебі, вакцина жетіспейді.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алексей Владимирович, бұрын мен саған Денсаулық сақтау министрі Үкіметтің шешуші тұлғасы, сенің ерекше өкілеттілігіңнің барын айтқан едім. Бастапқыда жақсы жұмыс істеген болатынсың. Қазіргі жұмысыңыз тым босаңсығаныңды көрсетіп отыр. Тапсырма берілді, орындалмаса ыстық орныңызбен қоштасасыз. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, жалпы Үкіметке қатысты.

COVID-19 тағы да дендеп келеді. Қазір дәріден бөлек, қорғаныш құралдарынан да тапшылық туындай бастаған. Барының сапасы нашар. Президент аталған олқылықтар түзетілмесе, "СҚ-ФАРМАЦИЯ" компаниясын жұмыстан шығарамын деп ескертті.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірмезетте денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесіне тап болуымыз мүмкін. Біз қазірдің өзінде қиындықты сезініп отырмыз. Үкіметке және облыс әкімдеріне жан сақтау бөлімін жабдықтау және бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларының осы істі жеке жауапкершілігін алуды тапсырамын.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы мутацияға ұшыраған штамдар елде қарқынды тарап жатқанын жеткізді. Бұл дертке шалдыққандардың қатары көбейіп, өлім дерегінің артуы мүмкін , деді. Десе де Үкімет пандемияның жағдайын жақсы жаққа өзгерте алатына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірінші кезекте сәуір айынан бастап жаппай вакцинациялау арқылы өзгерте алатындығын ескере отырып, мамыр айынан бастап шағын және орта бизнес  қызметіне шектеулерді біртіндеп алып тастауға болады, оның ішінде қызмет көрсету саласы.

Ахуалдың шиеленіскенімен қатар, карантин талаптарын місе тұтпайтындар көбейген. Эпид ахуалды бағалау матрицасының "қызыл" және "сары" аймағына кірген өңірлерде қанша шектеу енгізілгенімен оны орындап жатқандар жоқ. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев рейд кезінде заң бұзушылықтар туралы шағымдар түсетін Call-орталық жұмысын қолға алуды қадап айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шектеу мен одан кейінгі рейдтер күткен нәтиже бермейді, әлеуметтік шиеленісті тудырады ... Мониторингтік топтардың жұмысы кейде таңдамалы, ашық емес - кейбір мекемелерді үнемі тексеруге болады, ал басқаларын мүлдем тексермейді.

Денсаулық сақтау министрі алдағы айларға коронавирус жағдайы бойынша 3 сценариді ұсынды. Пессимистік көзқарас сәуір-мамыр айларында 370 мың науқас, реалистікте 250 мың , оптимистікте 140 мың жағдай тіркелетінін айтып отыр.

Десе де Мемлекет басшысы пандемиямен түбегейлі күресіп, одан арылатын жыл болуға тиіс деп санайды. Айтпақшы, Президент Үкіметке жағдайды жақсартуға мамыр айына дейін мерзім берді. Егер ахуал бір айдың ішінде тұрақталмаса Үкімет отставкаға кетуі бек мүмкін.

А. Данияр