Мал құлағы саңырау. Батыс Қазақстан облысында адам аузы бармайтын қылмысты құзырлы органдардан жасырып қалды деген күдікпен мектеп директоры жауапқа тартылды. Айта кетелік, осы өңірдегі Жаңақала ауданының тұрғыны он жастағы өгей қызын үш жыл бойы зорлап келген. Бірақ қорғансыздың күнін кешкен періштеге ара түсуге ешкім асықпаған көрінеді. Енді олар осы салғырттығы үшін жауапқа тартылып жатыр.
Мектеп директорына тағылған айыппен қорғаушысы келіспейді. Өйткені қыздың жәбірленгенін алдымен ата-анасы әлде туыстары хабарлауы керек екен. Ал мектеп ұжымының олардан бұрын полицияға шағынуы міндетті емес, дейді қорғаушы.
Айсұлу БИЯЛИЕВА, ҚОРҒАУШЫ:
Біздің қорғауымыздағы директор мен прокурор екеуінің арасындағы ашу-араздыққа байланысты насырға кетіп жатқаны соның салдарынан. Намысы тапталған прокурор Лариса Тұраровнаға солай айтып тұр ғой: «Мен сені жұмыстан шығарттырамын, соттатамын!», - деп. Туған шешесі «параноидальный шизофреник» деп есепте тұр, бір баласының ақыл-есі кеміс, үш баласын үш еркектен туған деген мәлімет бар.
Бұл уәжді заңгерлер де құптап отыр. Өйткені қылмыс мектептен тыс жерде жасалған. Сондықтан ұстаздарды бұған кінәлаудың қисыны жоқ.
Павел КОЧЕТКОВ, «АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ» ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРОСЫНЫҢ БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл іске оқытушылар мен директордың қандай қатысы бар? Егер осы оқиға мектепте болып, олар жасырып қалса, бір сәрі. Сондықтан бұған ең алдымен ата-анасы мен туысқандары жауапты. Егер құзырлы органдар тергеуді осылай біржақты жүргізетін болса, онда психологтар бастаған мектептің бүкіл қызметкерін жабу керек сияқты.
Өгей қызына озбырлық жасаған жігіт былтыр 22 жылға сотталып кетті. Енді полиция қылмысты жасырып қалды деген күдікпен мектеп директорына іс қозғады.
Мөлдір САДЫРҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:
БҚО ПД-імен бұл іске қатысты ҚР ҚК 434 бап бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Қазіргі таңда іс сотқа жолданған болатын. Азаматша облыс аумағынан шықпау бойынша қолхатпен қазіргі таңда үйінде отыр.
Елді дүрліктірген қылмыстың беті ашылған соң, мектептегі басқа қызметкерлер де жазасыз қалмапты. Мектеп психологы мен интернат меңгерушісі, әлеуметтік педагог секілді мамандар қатаң сөгіс арқалаған. Ал директордың кінәсі дәлелденсе, алты жылға темір торға қамалуы мүмкін.
Е. Карин