Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Теңіз» кен орнындағы зауыттан ауаға зиянды түтін тарап кетті

AstanaTV
08.04.2021ж. 20:00
2362
«Теңіз» кен орнындағы зауыттан ауаға зиянды түтін тарап кетті

«Теңіз» кен орны табиғатты тағы да ластады. Зауыт мұржасынан тараған қою сары түтін, жұмысшылардың зәресін алды. Кәсіпорын болса, техникалық ақау туғанын айтып ақталды. Ал оның қоршаған ортаға қаншалықты зиян тудырғанын экология департаменті анықтайтын болады.

Бұл - «Теңіз» кен орнында түсірілген кадрлар. Зауыт мұржасынан будақтап шыққан қою сары түтін өте көп мөлшерде ауаға тараған. Осының салдарынан қоршаған орта ластанды.  Кәсіпорын оқиғаның себебін анықтау үшін талдау жұмысын жүргізіп жатқанын хабарлады.

ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ:

2021 жылдың 7 сәуірінде Теңіз кенішінің өндірістік нысандарының бірінде уақытша техникалық ақаулықтан кейін өндірістік нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын растайды. ТШО оқиғаның себебін анықтау үшін талдау жұмыстарын жүргізуде. Барлық қызметкерлер осындай жағдайда қолданылатын стандартты қауіпсіздік шараларына сәйкес эвакуацияланды. Шығарылу қысқа уақытқа тоқтатылды.

Зиянды заттар ауаға үздіксіз он минут бойы тараған. Алғашында не болғанын түсінбей қалған абдырап қалған  жұмысшылар жағдайды ұялы телефондарына түсіріп, бірден әлеуметтік желіге таратып жіберген. Кәсіпорын басшылығы бір жарым сағаттан соң ғана экологтарға хабар беріпті. Енді департамент жоспардан тыс тексеріс жүргізбек.

Әлібек БЕКМҰХАМБЕТОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тексеріс 10 күн ішінде жүреді. Тексерістің нәтижесі бойынша, шара қолданады. Ол мүмкін ауаға келтірген залалдың нұсқамасына саналады. Және әкімшілік және қылмыстық іс фактор бойынша құқық қорғау органдарына материалдар жүктейіміз.

«Теңізшевроил» кез-келген айыппұлды оңай төлей салады.  Бірақ бұл – өңір экологиясы мен адам денсаулығының орнын толтырмайды».  Бар саналы ғұмырын аймақтың экологиялық проблемасына арнаған қоғам белсендісі Махамбет Хакімов осылай дейді.  Оның айтуынша, алып һәм қоршаған орта үшін қауіпті кәсіпорынның қоғам алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін арттырып, сақтандыру полисіне қол қоюға міндеттеу керек.

Махамбет ХАКІМОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Бұл бірінші жағдай емес. Мен тіпті қанша екені есімде жоқ. Кен орны қалыпты жұмыс істеп тұрған күннің  өзінде күн сайын ауаға тасталатын күкіртсутек адамның денсаулығына, табиғатқа орасан зор кері әсерін тигізеді. Адам онымен тыныс алғанда ішкі ағзасына, қанына ол жинала береді. Осыдан жүрегі сыр береді, басы ауырады. Үнемі ұйқысы келіп жүреді. Теңіздегі адамдар ұйықтап жатып өліп жатқаны тегін емес. Бірақ теңіздегілер оның еш байланысы жоқ деп мойындамайды.

Қоғам белсендісі кәсіпорын табиғатты оңалту шарасы үшін миллиардтар бөліп, қазірден қолға алмаса, бәрі де кеш болады деп отыр. Естеріңізге салайық, биыл ақпанда экология департаменті компания шектен тыс ластағаны үшін 726 жарым миллион теңге айыппұл өндіріп алған болатын.

Б. Надірқызы