Шымкенттегі дәмханалардың бірінде болған атысқа қатысты сот айыпталушыларға үкім кесті. бұл оқиға осыдан бір жарым жыл бұрын болған еді. Атыс қаруынан бір адам қаза тауып, бірнеше адам ауыр жараланған болатын. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, қылмыстың басты фигурантына 18 жыл, екіншісін 16 жылға темір торға қамауға шешім шығарды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Шымкенттегі «Сүндет» дәмханасында 2019 жылдың қазанында болған аса ауыр қылмыстық істі қарау процесі де ұзаққа созылды. Бүгін нүктесі қойылған сот отырысы былтыр қыркүйекте басталған болатын.
Сотта белгілі болғанындай, қанды қылмысқа Төлеби ауданында ұйымдастырылған қаржылық пирамида себеп болыпты. Дәмханаға жиылған тараптардың бірі ақша алғандар болса, екінші жағы салған теңгесін қайтаруды талап етіп жүргендер екен.
Әбинұр ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Салымшылар өздерімен бірге сол қылмыстық ортаға жақын адамдарды ертіп келген екен. Соның салдарынан Нұрғожанова қорыққаннан өздерінің туысқандарына хабарласып, беделді азаматтарды шақыруды жөн көрген, яғни Мырзабаев ол Нұрқожаның мүддесін қорғау үшін келген екен сол жерге.
Алайда ақша қайтару туралы әңгіме ұрыс-жандалға ұласып, соңында сыртта қарудан оқ жаудырылған. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев, қару кезенген екі күдікті әлі іздеуде жүргенін мәлімдеді.
Әбинұр ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сотта анықталғандай Мырзабаев оларға тапсырма берген екен. Тапсырма беріп, белгі беріп, солар атысты бастаған сол кезде. Енді жаппай атыс басталған кезде кабинканың ішіндегі Мырзабаев пен Рахметов те болған, оларға да оқ тиген.
Бұл қылмыста бір адам өліп, бес адам түрлі дәрежеде жараланған болатын. Сотталғандардың да әлі күнге уақытша ұстау абақтысында ем алып жатқаны белгілі болды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Судья айыпталушылардың аса ауыр қылмыс жасаған кінәларын мойындамағандарын, оған өкініш білдірмегендерін, сонымен қоса жәбірленуші тарапынан кешірім болмағанын алға тартты. Сотталған екеу жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Үкім бүгін жария болды, әлі заңды күшіне енген жоқ.
А. Төребекқызы