Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

АҚШ-та атыс-шабыс жиіледі

AstanaTV
19.04.2021ж. 20:00
2708
АҚШ-та атыс-шабыс  жиіледі

АҚШ-та атыс-шабыс   жиіледі.  Кеше түнде Техаста 3 адам оққа ұшты.  Статистикаға сүйенсек жыл басынан бері 12 мың американдық қайтыс болған. Жағдай күннен күнге ушығып бара жатқандықтан Ақ үй басшысы Джо Байден қару-жарақ сатуды қатаңдатуға шақырды.

Остин қаласының көшелерінде полицейлер толып жүр. Оқиға орны қоршауға алынған. Үш адамды оққа ұшырған күдікті ізін жасырып үлгерген, бірақ оның экс-полицей екені анықталды. Сондай-ақ, бұған дейін кәмелет жасқа толмаған балаға зорлық көрсеткіні үшін сотты болған.   

Джозеф ЧЕЙКОН, ОСТИН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Оқ атуға тұрмыстық оқиға себеп болды деген ойдамыз. Өйткені көз жұмғандардың барлығы күдіктіге таныс азаматтар. Сондықтан ол кездейсоқ адамдарға оқ жаудырды дегенге келіспейміз. Дегенмен ол әлі де қауіпті, қарумен бірге бостандықта жүр.

Тұнде Висконсон штатының Кеноша қаласында да атыс болған. Қарулы қақтығыс салдарынан тағы үш адам көз жұмды. Екі адам ауруханаға жеткізілген.   Бірақ күдікті көп ұзамай қолға түсті.

Дэвид БЕТ, КЕНОША ОКРУГІНІҢ ШЕРИФІ:

Күдіктіні ғимараттан шығарып жіберген секілді, бірақ ол қайта оралған. Қазір нақты үш адам соның қолынан қайтыс болғанын нақты айта аламыз.


Атыс-шабыс АҚШ үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Соңғы бір айда 47 атыс болып, 70-тен адам зардап шеккен.

Джо БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұндай оқиғалардың алдын алып, тоқтату керек. Масқара. Күн сайын АҚШ-та атыс-шабыс болып, міндетті түрде біреу көз жұмады. Мұндай бассыздыққа нүкте қою керек.

Америкада қару-жарақ сатып алу қолжетімді. Сондықтан Президент бұл мәселені қайта қарау керек деді

Джо БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
 
Конгресс, Сенат іске кірісуі керек. Мен шабуылға арналған қаруды сатуға тыйым салу басамасын қолдаймын. 100, 40 оқтық қару кімге керек? Қауіпті, сондықтан ондай қару сатуға тыйым салуды заңды түрде енгізгенше қоймаймын.

Америкалықтар әлем халқының 5 процентін құрағанымен әлемдегі жалпы атыс қаруының 45 процентіне иелік етеді. Елде қарумен адам өлтіру дерегінің көп болуы сондықтан дейді сарапшылар. Тез арада реформа жүргізілмесе, жағдай онан әрі күрделене түспек.
 
Ә. Өмірзақ