Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Батыс Қазақстан облысында киік қырылып жатыр

AstanaTV
14.05.2021ж. 20:00
2614
Батыс Қазақстан облысында киік қырылып жатыр

Батыс Қазақстан облысында  киіктердің жаппай қырылуына- найзағай себеп болуы мүмкін.  Аймақтағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері осылай дейді. Олар 372 ақбөкеннің өлексесін тапқан.  Дені - ұрғашы.

Инспекцияның дерегінше, бірер күн бұрын облыстың Жәнібек ауданында ауа райы бұзылып, нөсер жаңбыр жауған. Төлдеп жатқан бөкендердің баудай  қырылуына найзағай себеп болуы мүмкін. Киіктердің жаппай қырылу дерегі бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардан жедел штаб құрылды. Оқиға болған жерде  облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастаған бірнеше құзырлы мекеменің  қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жергілікті әкімдікпен бірге киік өлексесін көму шаралары  жүргізілуде. Алынған сынама  зертханаға жіберілді.

 Арман ІЗІМҒАЛИЕВ,  БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Өлген киіктің денелерінде найзағайдың зарядтары, іздері байқалды. Бірақ нақты неден, қалай өлген себебін зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады. Жалпы мұндай найзағаймен болған оқиға бірінші рет тіркеліп отыр.


Осыған дейін киіктер батысқазақстандық шаруалардың мазасын май ішкендай қылғанын хабарлаған едік. Өйткені өсімтал ақбөкендер тез көбейіп, жайылым мен шабындық жерлерді түгел отап кеткен.  Осының кесірінен мал ұстау жылдан-жылға қиындап барады, дейді ауылдықтар. Осы өңірде киік санағын жүргізген мамандардың есебінше, дала кезген ақбөкендер биыл 500 мыңнан асуы мүмкін.

Е. Карин