$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мыңдаған палестиналық баспанасыз қалды

AstanaTV
18.05.2021ж. 20:00
1865
Мыңдаған палестиналық баспанасыз қалды

Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс әлем елдерін екіге бөлді. Бірі -Израильді, екіншісі- Палестинаны қолдап отыр. Бірақ одан не пайда? Газа секторындағы қарулы қақтығыс тыйылар емес. Мыңдаған палестиналық баспанасыз қалды. Гуманитарлық, азық-түлік дағдарысы басталды. Әлішер Өмірзақтың шолуы.

Газа секторындағы қала орталығының қазіргі көрінісі осындай. Жағалай қираған үйлер мен ғимараттар. Баспанасыз қалғандар Біріккен ұлттар ұйымының орталығына орналастырылды. Бірақ медицина қызметкерлері санитарлық ережелер сақталмағандықтан, вирус өрши ме деп алаңдап отыр. Ал халықты вирус емес, азық-түліктің, дәрі-дәрмек пен судың жетіспеушілігі мазалайды.

Фатима АЛЬ-ДАНАФ:

Қазір болып жатқан жағдайды нағыз қантөгіс деп бағалауға болады. Әлем елдері бізді қолдайды деген үміттеміз. Балаларымыздың жағдайы тіпті қиын, олар үшін үлкен психологиялық соққы болып отыр.

Аднан АБУ ХАСНА, БҰҰ БОСҚЫНДАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ АГЕНТТІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Газа секторының түрлі аймақтарындағы 48 мектепте 38 мыңға жуық адам жатыр. Соғыстың кесірінен  олар аш-жалаңаш.  Жағдай өте күрделі. Кейбіреулері жалаң аяқ келді. Ал короновирустың таралуын болдырмау үшін отбасыларды санитарлық құралдармен қамтамасыз етуге тырысамыз.

Десе де 25-ке жуық мемлекет Израильдің позициясын қолдап отыр. Мысалы Германия, Словения, Чехия және Аустрия қолдау белгісі ретінде әкімшілік ғимараттарына Израильдің туын ілді.

Режеп Тайип ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:


Мен канцлер әкімшілігінің ғимаратына Израиль туын көтерген Аустрия үкіметіне наразымын. Өзінің ғимаратына террористік мемлекеттің туын көтеру – өзін де террориспін дегенмен тең.

Барлық дерлік ислам елдері Палестина позициясын қолдайды. Ал Еуропа қалаларында мұсылман елінен келген мыңдаған азамат наразылық акциясын өткізді.

Неліктен мұндай әділетсіздікке куә болып отырмыз?! Израиль біздің жерді басып алды. Ол жер Израиль меншігіне жатпайды, сондықтан Палестинаға қайтарылуы керек.

Қарулы қақтығыс әлі жалғасатын секілді. The Washington Post агенттігі АҚШ Израильге құны 725 млн долларға қару-жарақ жеткізетіні туралы жазды. Бірақ қанша адамның қайтыс болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Тек жергілікті ақпарат құралдары 150-ден астам палестиналық ХАМАС жауынгерінің көз жұмғаны туралы жариялады.   

Ә. Өмірзақ