Қазақстандықтардан ерекше лайфхак. Чиптелгенізді білу үшін екпе салған жерге магнит тигізсеңіз жетеді. Әлеуметтік желіде тараған бейнекөрініс жұртты дүрліктірді. Вакцинаға сенімсіз қараған тұрғындар шетінен видеодағы әрекетті қайталап, әуреге түсуде. Бұл ақпараттың шынайылығын әріптесім Асылбек Данияр зерттеп көрді.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Көпшіліктің көңілінде күмән басым. Чип немесе вакцина? Көп естігеннен гөрі бір рет көрген абзал. Қолымда темір қасық және магнит. Көріп тұрғандарыңыздай жабысып тұр. Мен де бірнеше ай бұрын коронавирусқа қарсы вакцина салдырған болатынмын, мүмкін мен де чиптелген шығармын байқап көрейік. Магнит жабысқан жоқ, яғни мен чиптелмегенмен.
Жұртты "ду" еткізген видео осы. Автордың айтуынша, екпенің орнына чип еккен. Сондықтан, темір магнитті тартып тұрады. Бұны естіген жұрттың төбе-шашы тік тұрғаны сөзсіз. Содан болар соңғы күндері препаратты салдыратындар да азайған. Мүмкін, сенгендер де бар болар. Ақпарат шын ба, фейк пе бір білсе министрлік өкілдері білер деп сұрап көрдік.
Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Шындыққа сәйкес келмейді. Көптеген адамдардың денесінде магниттік құрамдар бар. Кейбір адамдарға білесіз ғой қасық жабысады. Укол салатын жерге жабысып қалды деген бойынша, ешқандай вакцинаның ішінде чип жоқ. Вакцинаның инесі өте үшкір оған ешқандай чип салынбайды. Сондай-ақ вакцина құтыда болады.
Министрлік өкілі, аңдамай сөйлегендер жазасын алады, деп сендірді. Елді алдап-арбап жүргендерді құқық қорғау органдары іздеп жатыр екен. Енді тек құр кешіріммен құтылмаса болғаны. Жетекші инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева бұндайларды "халық жауы" деп атады.
Динагүл БАЕШЕВА, ҚР ЖЕТЕКШІ ИНФЕКЦИОНИТ-ДӘРІГЕР:
Қаншама адам ауырып жатыр, мысалы мен өзім дәрігермін. Осыларды емдеп жатқандардың біреуімін, қаншама адам қиналып жатыр. Жаңағы адамдар жалған сөз шығарып олар деген нағыз халық жауы. Мысалы Оңтүстік Кореяда осындай фейк шығарған адамдарды 7 жылға түрмеге қамап жатыр.
Адамның денесіне магниттің яки темірдің жабысуы чип салынғанын білдірмейді. Өйткені, расымен де жер жүзінде мұндай адамдар жетерлік. Былайша айтқанда, әрбір адамның бойында энергия болады яғни "биотогы бар", бірақ сәуленің қуаты әркімге әр түрлі әсер етеді.
Халық арасында вакцина туралы пікірде шек жоқ. Бұл екпенің жыры әлі біразға созылады деген сөз. Хош, енді вакцина курсын толық аяқтаған адамдардың жайына келсек, "Ashyq-тағы" статусы әлі көк. Мемлекет меншігіне өткен бағдарламаның кемшілігі алда жойылады-мыс. Әзірге, қосымшаның жетістігі 2600-ден аса науқас пен 2700 байланыста болғандарды анықтағаны.
А. Данияр