Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Отан үшін оққа ұшқан 4 қазақстандық жауынгердің сүйегі елге жеткізілді

Отан үшін оққа ұшқан 4 қазақстандық жауынгердің сүйегі елге жеткізілді

Отан үшін оққа ұшқан 4 қазақстандық жауынгердің  сүйегі елге жеткізілді. Сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткендердің дерегін қоғамдық қор іздеп тапқан.  Бірлестік  екі жылда  майдан даласынан мыңға тарта сарбаздың дерегін анықтапты.Толығырақ Бекболат Сатуовтың материалында.

Мәдениет Хаменқызының әкесі   майданға аттанғанда ол небәрі 3 жаста болған. Жас сарбаз әскер қатарына 1941 жылы  Қорғалжын ауданынан шақырылған.  Содан кейін оны көрмеген. Ешқандай хат-хабар болмаған. «Осы кезге дейін әкемнің түрін де, түсін де білмей келдім», - дейді  кейуана. Ал мынау қолындағы жалғыз суретті жақында ғана тапқан. Енді міне, сүйегін де елге әкеп жерлеуге мүмкіндік туды.     

Мәдениет ХАМЕНҚЫЗЫ,   АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Ағайынды екі қыз болдық. Бір қыз қайтты мен жалғыз қалдым. Шешем доярка болып істеді.Біртабан ауылында. Киров дейді ол уақытта. Сол әкемнің осы табылғанына өзім көп қуанып тұрмын. Әйтеуір сүйегін елге жерлеп, соны көріп тұрсам, соған тәуба деймін. Енді арманым жоқ.

Әскер қатарына алынып, із-түссіз жоғалғандардың бірі- Рапых Шәмшиев. 1942 жылы майданға аттанған жауынгерден   бірнеше рет қана хат келіпті. Содан кейін хабар-ошарсыз.  Артында қалған  қызы Еркеш Шәмшиева, әкесінің  сүйегі табылғанын естіп, алғашқыда тіпті сене алмағанын айтады.    "Енді әкемнің сүйегін  анамның қасына жерлеймін" дейді

Еркеш ШӘМШИЕВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Апа сіздің әкеңіз солай, солай табылды. Өзі бір жеке жерде ғана көміліп қалған екен. Бомбылар тастағанда сонда, топырақ жауып қалғанғой. Сол жерден қазып тауып алғанда, сол кішкентай қағаз шығыпты кеудесінен.Сол адресі,соныменен хабарладығой қарағым.Өлгенім тірілді, өшкенім жанды.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1,5 миллионнан астам азамат аттанған. Соның 600 мыңнан астамы қасық қаны қалғанша соғысып, ұрыс даласында жер құшты. Ал 270 мыңға жуық адам  хабар-ошарсыз кеткен. Майданнан елге оралмағандардың тағдыры әлі де белгісіз. Құрылғанына небәрі екі жыл  болған қоғамдық қор соғыстан қайтпаған 900 сарбаздың дерегін анықтаған.

Мұрат МОЛДАҒАЛИЕВ, «АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» ҚБ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін біз Ресей жерінен 4 жауынгердің сүйегін елге жеткіздік. Біздің жұмыс бастағанымызға 2 жылдай болды. Осы уақыт аралығында мыңға жуық дерексіз кеткен жауынгерлерді таптық.Біз өтініштерді әлі де қабылдаймыз. Іздестіру жұмыстары мұнымен тоқтамайды.

Қоғамдық ұйымға  хат жазып,  хабарласушылар көп. Осы күнге дейін   бес мыңға жуық тапсырыс келіп түскен. Қазір бірлестік іздестіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатыр.

Б. Сатуов