$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мектептің директоры лауазымынан шеттетілді

AstanaTV
15.06.2021ж. 20:00
5290
Мектептің директоры лауазымынан шеттетілді

Түркістан облысында мемлекеттік емтиханнан соң өзіне қол салған жасөспірім оқыған мектептің директоры жұмыстан уақытша шеттетілді. Бұл ақпаратты ауданның бас ұстазы растады.

Шұға НҰРАБАЕВА, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Мектеп директоры Стаева Айсара Нұржігітқызын уақытша тексеру амалдары жүруіне байланысты, осы тексеру амалдарына кедергі жасамас үшін 14 жұмыс күннің ішінде жұмыстан шеттеттік. Яғни лауазымдық қызметінен шеттетілді. Егерде мектеп басшысы тікелей осыған кінәлі болатын болса яғни өзінің жазасын алуға мен құп қосыламын.   

Еске салайық, Ордабасы ауданы Көкарал ауылындағы орта мектептің 9–сыныбын бітірген Эльвира Мықтыбек   өз үйінде асылып қалған еді. Ол үздік аттестатқа үміткер болатын. Ата-анасы бұл қайғылы жағдайға   мектеп директорын кінәлайды. Сыныптастарының сөзіне сүйенген ата-ана мектеп басшысының сынақ үстінде қызына ауыр сөз айтып, көпшіліктің алдында тұқыртып, намысына тигені жасөспірімнің өз-өзіне қол салуына себеп болуы мүмкін дейді.  Осы жағдайдан соң арнайы топ тексеру жүргізген, бірақ   қорытынды әлі жарияланған жоқ.   

А. Төребекқызы