Түркістан облысында тауға кетіп, оралмаған төрт туристің өліміне қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары «Сайрам –Өгем» шатқалында төрт адамның мәйіттері судан табылуының бір себебі: адасқан төртеу ағысы қатты өзеннен қол ұстасып өтпек болған шығар дейді. Сол кезде асау толқын ағызып әкетуі ықтимал. Тағы бір болжам: жастар өзеннің Таскөпір деп аталатын тастақ жерінен өту кезінде бірінің аяғы тайып кетіп, өзгесі құтқарамыз деп суға кетуі мүмкін. Ал төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев "туристердің алдынан аю шығуы да ғажап емес" деген болжам айтты. Себебі жігіттер бойлай жүрген аймақ ел арасында «Аю сай» деп аталады, ол төңіректе мамыр айында жыртқыштар көп кездеседі.
Ерік САРЫБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы төңіректе өте аюларды көп кездестірдік іздестіру барысында, бір жиырмадан аса аюды көрдік. Ал аюдың өзінің тән қасиеті - балалары үшін өте агрессивті болатын кезі екен. Мүмкін бұл жігіттер төртеуі өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалды ма, содан қорыққанынан суға секіріп кетуі де мүмкін деген жағдайларды қарастырдық.
А. Төребекқызы